Ердоған Тоқаевты Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Ақорда баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Түркия басшысы Тоқаевты бір палаталы Құрылтай депутаттарының сайлауы сәтті өтуімен құттықтап, парламентаралық ынтымақтастықты жандандыруды ұсынды.
«Елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар озық, заманауи әрі әділетті Қазақстан құруға бағытталған», – деп атап өтті Тоқаев.
Сондай-ақ, Тоқаев Ердоғанға жылы лебізі мен түркиялық байқаушылар миссиясының белсенділігі үшін алғыс айтты.
Әңгімелесу барысында тараптар екіжақты стратегиялық серіктестіктің даму қарқынын оң бағалап, алдағы халықаралық іс-шаралар кестесін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президентінің биыл Түркияда өтетін жоғары деңгейдегі кездесулерге шақыруын ықыласпен қабылдады.
Айта кетейік, осыған дейін Құрылтай депутаттығына қандай азаматтардың өткені туралы егжей-тегжейлі жазған едік.