ОСК құрылтай депутаттарын ресми тіркеді

Бүгін, 27 тамызда Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының XVI отырысы өтіп, онда ҚР Құрылтайының депутаттары тіркелді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Іс-шараға құрылтай депутаттарының барлығы қатысты.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның 44-бабына сәйкес, құрылтай депутатының өкілеттігі Орталық сайлау комиссиясы оны құрылтай депутаты ретінде тіркеген сәттен басталады.

Отырыста баяндама жасаған ОСК Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман Орталық сайлау комиссиясы бес саяси партиядан сайланған ҚР Құрылтайының 145 депутаттарын тіркеуді көздейтін қаулы жобаларын әзірлегенін хабарлады.

Осыған байланысты Құрылтай депутаттары төмендегідей құрамда тіркелді:
- «Әділет» партиясынан – 110 депутат;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан – 8 депутат;
- «Ауыл» партиясынан – 10 депутат;
- Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан – 8 депутат;
- «Respublica» партиясынан – 9 депутат.





«Сіздердің өкілеттіктеріңіз Орталық сайлау комиссиясында тіркелген сәттен бастап басталды. Енді сіздер – Қазақстан Республикасының заң шығарушы билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган – ҚР Құрылтайының депутаттарысыздар. Құрылтай депутаттары тікелей сайлау құқығы негізінде сайланды. Сайлау науқанының барлық кезеңдері заңнама талаптарына қатаң сәйкес ұйымдастырылды. Депутаттық мандат – халықтың сенімі мен таңдауының нәтижесі, ал Құрылтай депутатының мәртебесі әрқайсыңызға еліміз мен халқымыздың алдында үлкен жауапкершілік жүктейді», – деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Отырыстың соңында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы құрылтай депутаттарына депутаттық куәліктері мен төсбелгілерін табыстады.
Еске салайық, президент «Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын шақыру туралы» жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, Құрылтайдың бірінші сессиясы 2026 жылдың 28 тамызы сағат 11-дe Астана қаласында өтеді.