Құрылтай депутаттары төсбелгі мен депутаттық куәлік алып жатыр (видео)

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

Бүгін, 27 тамызда Құрылтай депутаттығына сайланған және депутаттар тізіміне енгендер Орталық сайлау комиссиясына барып жатыр. Олар Орталық сайлау комиссиясынан Құрылтай депутатының төсбелгісін алып, депутаттық куәлікке ие болады.

Бұл құжаттар олардың Құрылтай депутаты ретіндегі мәртебесін ресми түрде растайды. Депутаттарды тіркеу және оларға тиісті атрибуттарды табыстау жұмыстары Құрылтай сайлауының қорытындысы бойынша жүргізілуде.

Осылайша жаңадан сайланған депутаттар өздерінің өкілеттігін жүзеге асыруға қажетті құжаттары мен депутаттық төсбелгілерін алады.

«Ауыл» партиясының Құрылтайдағы депутаттық құрамы 90 пайызға жаңарды

Орталық сайлау комиссиясына Құрылтай депутаттарының төсбелгісі мен депутаттық куәлігін алу үшін келгендердің арасында «Ауыл» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, VIII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев та болды. Ол журналистерге сайлау нәтижесі мен партияның Құрылтайдағы жаңа құрамы туралы айтып берді.

«Көңіл күйіміз жақсы. «Ауыл» партиясы екінші орында. Сайлаушыларымызға, ағайындарымызға рақмет айтамыз. Сенім білдіріп, үлкен жетістікке мүмкіндік бергеніне рақмет. Өзіміз айтқан уәделерімізді орындауға тырысамыз. Басқа да өткен әріптестерімізге сәттілік тілейміз», – деді Серік Егізбаев.

Журналистердің партияның Құрылтайдағы депутаттық құрамы қаншалықты жаңарғаны туралы сұрағына ол мандатқа ие болған 10 депутаттың тоғызы жаңа депутат екенін айтты.

«Мандатқа ие болған он депутаттың тоғызы – жаңа депутат», – деді ол.

Осылайша «Ауыл» партиясының Құрылтайдағы депутаттық құрамы 90 пайызға жаңарды.

Еске салайық, президент «Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын шақыру туралы» жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, Құрылтайдың бірінші сессиясы 2026 жылдың 28 тамызы сағат 11-дe Астана қаласында өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз