Семейде терроризмге қарсы оқу-жаттығу өтіп жатыр

2026 жылғы 27 тамызда Семей қаласында терроризм қатерлеріне қарсы оқу-жаттығу өткізіп жатыр.
Abainews ақпаратына қарағанда, бұл туралы Абай облысының терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабы хабарлаған.
Штаб мәліметінше, оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – терроризм сипатындағы қауіп-қатерлерге жедел ден қоюға күштер мен құралдардың әзірлігін арттыру. Іс-шара барысында шынайы жағдайға барынша жақын түрлі сценарийлер пысықталуда.
Оқу-жаттығу өтетін нысандардың бірі – «Дана» сауда үйі орналасқан аумақ. Осыған байланысты қаланың жекелеген көшелерінде автокөлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізілді. Атап айтқанда, Найманбаев – Мұхамедханов, Қабанбай батыр – Мұхамедханов, Уәлиханов – Мұхамедханов көшелерінің қиылыстарында қозғалыс шектелуде.
«Тұрғындар мен қала қонақтарынан қауіпсіздік шараларын сақтап, өткізіліп жатқан іс-шараларға түсіністікпен қарауды, жалған ақпарат таратпауды және мемлекеттік органдар өкілдерінің заңды талаптарын орындауды сұраймыз», – деп жазылған хабарламада.
Бесінші тамызда Алматыдағы «Халық Арена» аумағында антитеррорлық жаттығу өткен еді.