Жүрілген Chevrolet Cobalt-ты қалай дұрыс таңдау керек

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Chevrolet Cobalt, Chevrolet, Cobalt, Шевроле Кобальт, Кублит
Фото: shutterstock, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Chevrolet Cobalt қазақстандықтардың арасында кең танымал және сүйікті көліктердің біріне айналды. Сондықтан қазір екінші нарықта бұл көлікті көптеп кездестіруге болады. Дегенмен қарапайым модельдің өзі сатып алар алдында мұқият тексеруді қажет ететін тұстары бар.

Ең алдымен көлік шанағын тексерген жөн

Бірінші кезекте көліктің шанағын мұқият қарап, тарихын тексеру керек. Кей жағдайда Cobalt бірнеше рет жол-көлік оқиғасына түсіп, оның есіктері, қанаттары, фаралары мен бамперлері ауыстырылуы мүмкін. Ал техникалық бөлігі айтарлықтай зақымданбауы ықтимал. Сондықтан көліктің жөндеуден өткені оның нашар жағдайда екенін білдірмейді. Ең бастысы – нақты қандай бөлшектері жөнделгенін анықтау.

Сондай-ақ аспа жүйесі мен рөлдік басқаруға да назар аударған жөн. Көлік иелері атап өтетін мәселелердің қатарында тұрақтандырғыш тіректері, қозғалтқыш тіректері, дөңгелек мойынтіректері және иінді біліктің май тығыздағышы бар.

Қозғалтқыш пен автомат қорапты тексеріңіз

Cobalt-тың 106 ат күші бар 1,5 литрлік қозғалтқышы мен алты сатылы автомат қорабы бар нұсқасын аларда ең бастысы – қозғалтқыш пен беріліс қорабының жағдайына назар аудару.

Жүрісі 100 мың шақырымнан асқан көліктерде бірқатар бөлшектерді ауыстыру қажет болуы мүмкін. Мысалы, аспа тіректері, шарлы тіректер, тежегіш дискілері мен барабандарын жаңартуға тура келеді.

Сонымен қатар кондиционердің, пештің және электр жабдықтарының жұмысын тексерген дұрыс. Көлік иелері жиі айтатын ұсақ ақаулардың қатарында рөлдің гидрокүшейткішінің шлангісінің істен шығуы, пеш моторының ысқырық тәрізді дыбыс шығаруы және ылғалды ауа райында әйнектердің булануы бар.

Көліктің нақты жағдайын қалай анықтауға болады

«Кобальт» аларда көліктің жүріс көрсеткішіне ғана сүйенуге болмайды. Хабарландырудағы шақырым саны автомобильдің қаншалықты жақсы сақталғанын білдірмейді. Бұл жерде көліктің техникалық қызмет көрсету тарихы мен оның қалай пайдаланылғаны әлдеқайда маңызды. Сондай-ақ «Кобальттардың» басым бөлігі такси ретінде қолданылатынын ескерген жөн. Ал бүгінде жүріс көрсеткішін кез келген техникалық қызмет көрсету станциясында аз ақшаға өзгертуге болады.

Тағы бір ескеретін жайт – көліктің динамикасы. Жолаушылар мен жүк толық болған кезде 106 ат күші бар қозғалтқыштың қуаты жеткіліксіз болуы мүмкін. Ал сағатына 120 шақырымнан жоғары жылдамдықта көлік иелерінің айтуынша, автомобильдің жолдағы тұрақтылығы төмендей түседі.

Қорытындылай келе, Cobalt сатып алғанда ең арзан нұсқаны емес, тарихы түсінікті, қозғалтқышы мен автомат қорабы ақаусыз, шанағы жақсы сақталған және аспа жүйесіне тиісті қызмет көрсетілген көлікті таңдаған жөн. Жаппай таралған модельдің нарықта көп болуы жақсы көлік табу оңай дегенді білдірмейді.

Айта кетейік қытайлық брендтер нарықтағы үлесін арттырып жатқанымен, Chevrolet Cobalt әзірге өз орнын ешкімге берген жоқ. Маусым айында қазақстандықтар Chevrolet брендіне тиесілі көлікті көбірек сатып алған

Сондай-ақ оқыңыз