Күйеуі құрылыста қаза тапқан бес баланың анасы компания өкілдерімен кездесті

Алматыда құрылыс нысаны аумағында сақтандыру белдігі үзіліп, қаза тапқан Бақытжан Нақыпбековтің жесірі Гүлзада Баратбаева құрылыс компаниясының өкілімен кездесті. Компанияның бірінші басшысы қаралы үйге пәтер беру мүмкіндігі қарастырылатынын айтқан. Алайда 5 баланы асырап отырған отағасынан айырылған отбасыға көмек шұғыл түрде керек.
Кездесу Time Group Construction холдингінің кеңсесінде өткен. Гүлзада Баратбаева холдингтің құрылтайшылары Жамол Шабанов және Хакан Касановпен кездескісі келгенімен, қабылдауды өзін компанияның бірінші басшысы ретінде таныстырған Айдос Әбілдаев өткізген.
«Біз ең алдымен адам тағдырына деген түсіністік пен нақты жауап күткен едік. Бірақ әңгіме барысында компания тарапынан қазан айында аяқталуға тиіс құрылыс нысанынан пәтер қарастыру мүмкіндігі ғана айтылды. Сырт көзге бұл үлкен көмек сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ бес баласы бар, жалдамалы үйде тұрып отырған жалғыз ана үшін пәтердің өзі барлық мәселені шешпейді», – дейді Гүлзадамен еріп барған туысы Рахат Бұхарбаева.
Оның айтуынша, отбасының үш банкте шамамен 6 миллион теңге көлемінде берешегі бар. Асыраушысынан айырылған жалғыз ана қарызды қалай қайтаруды білмейді. Ал балалардың ең кішісі бір жастан енді ғана асқан. Осы жағдайда барлық міндеттеме жалғыз адамның мойнына түсіп тұр.
«Сондықтан ұсынылған пәтерге бірден келісе алмадық. Өйткені бізге қазір әдемі сөз емес, отбасының нақты жағдайына сай келетін шешім керек. Бір адамның өмірі қиылды. Бес бала әкесінен айырылды. Бір әйел жарынан ғана емес, отбасының негізгі асыраушысынан айырылды. Ал енді отбасы жалдамалы үй, балалардың күнделікті қажеті, қарыздар және болашақ деген төрт үлкен мәселенің ортасында қалды. Неге қайғыдан қан жұтып отырған ана компанияның есігін өзі қағып, жағдайын түсіндіруге мәжбүр? Неге бес баланың тағдырына қатысты мәселе туғанда, отбасының жағдайын терең түсінуге бірінші болып ұмтылуымыз керек», – дейді ол.
Азалы әулет мақсат біреуді соттату емес, жағдайымызды түсінсе екен дейді.
«Біз ешкімді соттамаймыз. Кімнің кінәлі екенін тиісті органдар анықтайды. Бірақ біз бір нәрсені талап етуге құқылымыз: адам өміріне жауапкершілікпен қарау, болған жағдайға ашық жауап беру және бес баланың тағдырын назардан тыс қалдырмау. Пәтер мәселесі – бір бөлек. Ал бес баланың әкесінен айырылуы – орны толмас қасірет», – дейді Рахат Бұхарбаева.

Құрылыстағы оқыс жағдай
Оқыс оқиға 16 тамызда кешке Алматы қаласы Көкжиек ықшам ауданындағы құрылыс нысаны аумағында болған. Кешқұрым Бақытжан Нақыпбековтің сақтандыру белдігі үзіліп, өндірістегі ауыр жарақат салдарынан ауруханада жан тапсырды. Марқұмның артында кәмелет жасқа толмаған бес баласы қалды. Нысан құрылысын Time Group Construction холдингі жүргізеді.
eGov мәліметінше, 2018 жылғы маусымда құрылған компания 2025 жылғы наурызда қайта тіркелген. Холдингтің екі құрылтайшысы: Жамол Шабанов пен Хакан Касанов. Құрылыс компаниясының бірінші басшысы – Алтай Шарабаев.
Холдинг тұрғын үйлерді сатып алу және сатумен, жылжымайтын мүлікті жалдау және басқарумен айналысады.
Айта кетейік, ағайынды Зиятдин және Усейн Касановтар Forbes-тің дәулеттілер тізіміне енген. 2019 жылғы ресми рейтингте олардың ортақ капиталы 140 млн долларға бағаланып, Қазақстанның ең бай бизнесмендерінің қатарынан көрінген. Әулет бес жұлдызды «Қазақстан» қонақүйін, «Orhun Medical» клиникалар желісін және Ыстанбұлдың қақ ортасындағы зәулім «InterContinental Istanbul»кешенін иеленеді.
Зиятдин Касанов «Ахыска» түрік этномәдени орталығының президенті болса, оның туған інісі Усеин Касанов осы ұйымның Алматы қалалық филиалын басқарады.