Қазақстан Халық кеңесі қашан құрылады

Қазақстан Халық Кеңесі қыркүйектің екінші жартысында құрылады. Бұл туралы Құрылтайдың бірінші сессиясының отырысында сөз сөйлеген Тоқаев айтты.
«Қыркүйектің екінші жартысында Халық Кеңесі жасақталады. Бұл – Қазақстан тарихындағы тұңғыш жоғары консультативтік орган. Еліміздің этникалық, аймақтық, әлеуметтік, қоғамдық-саяси ерекшеліктерін бір арнаға тоғыстыратын жаңа құрылым заңнамалық бастама көтеру құқығына ие болады. Шын мәнінде, бұл – бірегей орган», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ президент алдағы уақытта вице-президенттің және премьер-министрдің кандидатуралары бойынша ұсыныс енгізетінін хабарлады. Одан кейін депутаттармен ақылдаса отырып, үкімет мүшелерін, Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасарын тағайындамақшы.
Құрылтай мен Үкімет құрамы толық айқындалған соң, Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын жариялайтынын хабарлады.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Құрылтайға көші-қон, ЖИ және «Алтын виза» туралы заң қабылдауды тапсырды