ШҚО-да елдімекендер маңайынан аю іздестіріліп жатыр

Мамандар елдімекендерге жақын орналасқан аумақтарды тексеріп жатыр. Бұл туралы Черемшан орман шаруашылығы хабарлаған.
YK-news.kz ақпаратына қарағанда, олар ауыл маңдарын торып, аюлардың бар-жоғын анықтамақ.
«Аюлардың болуы мүмкін екенін анықтау мақсатында, аңшылықтанушы маман орманшымен бірлесіп, елдімекендердің айналасына тексеру жүргізді», — деп хабарлады мемлекеттік мекеме.
Тексеру нәтижесінде аюлардың болғанын көрсететін ешқандай белгі анықталмаған. Орман аумақтарын бақылау және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасып жатыр.
Соңғы кездері Шығыс Қазақстанда аюлар елдімекендерден, қалалардан жиі бой көрсете бастаған. Мамандар жыртқыштардың бұл әрекетін ормандағы азық тапшылығымен байланыстырады.
Әлеуметтік желілерде Өскеменде түсірілген видео тарады. Онда аюдың қала ішіне кіріп кеткені көрінеді.
Сондай-ақ Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығына жақын орналасқан демалыс базасының маңында аю 58 жастағы омарташыға шабуыл жасаған еді.