Тоқаев Құрылтайға көші-қон, ЖИ және «Алтын виза» туралы заң қабылдауды тапсырды

Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының алғашқы отырысы өтіп жатыр. Жиынға Тоқаев қатысып, Құрылтайдың алдында тұрған негізгі міндеттерді атап өтті.
Бірінші сессияда депутаттар жасанды интеллектіні білім беру саласына енгізу, цифрлық активтер индустриясын дамыту және Digital Qazaqstan стратегиясына қатысты заң жобаларын қарауы қажет.
Бұдан бөлек, Тоқаев «Алтын виза» енгізуге, көші-қон саясатын жетілдіруге, «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын әзірлеуге тапсырма берді.
Президент «Шәмші Қалдаяқов» медалін және «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізудің заңнамалық негізін қалыптастыру қажеттігін айтты.
Сондай-ақ мемлекет басшысы «Е-Parliament» ақпараттық жүйесін Құрылтай жұмысына тезірек бейімдеуді тапсырды. Платформа заң арқылы қоғамдағы түйіткілдерді алдын ала анықтап, реттеуге мүмкіндік беруі керек.
Тоқаевтың айтуынша, Құрылтай әр саладағы заңнаманы мұқият саралап, оның Конституция талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуі керек. Заң жобалары халыққа түсінікті, әділетті әрі заман талабына сай болуы тиіс. Президент заң шығару кезінде жасанды интеллектіні кеңінен пайдалануды ұсынды.
Құрылтайға бұрынғы парламент қарап үлгермеген заң жобаларын да қабылдау міндеті жүктелмек. Соның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау туралы заң жобасына басымдық берілуі тиіс. Тоқаев мұндай балалардың білім алуына жағдай жасап, медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруды, сондай-ақ өңірлерде арнайы орталықтар салуды тапсырды.
Президенттің пікірінше, Құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелерге дер кезінде үн қататын жалпыұлттық диалог алаңына айналуы керек.
Оқи отырыңыз: Тоқаев 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіге тыйым салуды қолдады