АҚШ Венесуэла мұнайының бестен бірін бақыламақ

Жарияланды 29 Тамыз 2026 10:13

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
АҚШ Венесуэланың мұнайына иелік етпек / фото: ЖИ көмегімен

АҚШ Венесуэланың дәлелденген мұнай қорының 65 млрд баррельден астам бөлігіне бақылау орнатуды көздеп отыр. Бұл елдегі бүкіл мұнай қорының шамамен бестен біріне тең.

АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, Вашингтон жеке бизнеспен серіктестік арқылы аталған қорға басым бақылау жүргізу туралы келісімге келген. Алайда келісімнің нақты құрылымы, қамтылатын кен орындары мен оған қатысатын компаниялар әзірге жарияланған жоқ.

Reuters мәліметінше, америкалық компанияларға Венесуэланың бірқатар кен орнын ұзақ мерзімге игеру құқығын беру қарастырылып жатыр. Өндірілген мұнай негізінен АҚШ-қа жөнелтілуі мүмкін. Тізімге Ориноко мұнай белдеуі мен Маракайбо көлі маңындағы кен орындары кірген.

Венесуэла келесі аптада бірнеше компанияға, әсіресе АҚШ кәсіпорындарына мұнай барлау және өндіру құқығын беретін келісімдерге қол қоюға дайындалып жатыр.

Келісімнен кім не ұтады?

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио келісім Венесуэлаға шамамен $100 млрд жеке инвестиция тартып, мыңдаған жұмыс орнын ашуы мүмкін екенін айтты. Вашингтон өз кезегінде тұрақты әрі салыстырмалы түрде арзан мұнайға қол жеткізуді және елдегі бензин бағасын төмендетуді көздейді.

Венесуэланың уақытша басшысы Делси Родригестің айтуынша, 17 стратегиялық кен орнын игеру мұнай өндірісін айтарлықтай арттыруы мүмкін. Каракас осы жобалардан бюджетке жалпы $209 млрд салық түседі деп есептейді.

Венесуэлада әлемдегі ең ірі дәлелденген мұнай қоры бар. Соған қарамастан, ел қазір тәулігіне шамамен 1,25 млн баррель ғана өндіреді. Бұған ұзақ жылдарға созылған инвестиция тапшылығы, басқарудағы мәселелер, санкциялар және инфрақұрылымның тозуы әсер еткен.

Келісімге кедергі көп

Сарапшылар келісімнің құқықтық негізі әзірге түсініксіз екенін айтады. Венесуэла заңнамасы бойынша мұнай саласының негізгі бөлігі мемлекеттің бақылауында қалуға тиіс. Сондықтан АҚШ үкіметінің кен орындарын жалға алып, өндіріске тікелей араласуы заңдық дауға ұласуы мүмкін.

Электр желісінің әлсіздігі, мұнай құбырлары мен экспорттық терминалдардың тозуы да өндірісті тез арттыруға мүмкіндік бермейді. Венесуэла мұнайы ауыр болғандықтан, оны өндіру, тасымалдау және өңдеу үшін қосымша шығын қажет.

Сол себепті келісім жүзеге асқан күннің өзінде, оның АҚШ-тағы бензин бағасына әсері бірден байқалмауы мүмкін. Қажетті инфрақұрылымды қалпына келтіруге бірнеше жыл кетуі ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз