Непалдағы алапат тасқын: үшінші қазақстандық іздестіріліп жатыр

Жарияланды
Непалдағы су апаты / фото: BBC

Непал мен Қытай шекарасындағы табиғи апат аймағында болуы мүмкін тағы бір Қазақстан азаматы іздестіріліп жатыр. Осылайша хабар-ошарсыз кеткен қазақстандықтардың саны үш адамға жетті.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсеновтің айтуынша, үшінші қазақстандық әйел туралы ақпарат жаңадан түскен.

«Непал мен Қытай шекарасындағы табиғи апат аймағында болуы мүмкін Қазақстанның үшінші азаматшасы туралы ақпарат келіп түсті. Қазақстандық дипломаттар екі елдің мемлекеттік органдарымен жұмысты әрі қарай жүргізіп жатыр, отандастарымызды іздестіру жалғасып жатыр», – деді ол.

Бұған дейін осы аймақта екі қазақстандық туристің іздестіріліп жатқаны хабарланған еді. Қазақстан дипломаттары Непал және Қытай билігімен байланысып, олардың орналасқан жерін анықтауға тырысып жатыр.

26 тамызда Гималай тауларындағы мұздықтың опырылуы жойқын су тасқыны мен лай көшкініне ұласты. Табиғи апат Непалдың солтүстігіндегі бірнеше елді мекенді және Қытайдың Тибет автономиялық ауданындағы Жилун шекаралық өткізу бекетін қиратты.

Соңғы мәлімет бойынша, апаттан 579 адам қаза тауып, 2 мыңға жуық адам із-түзсіз жоғалған. Құтқарушылар қолайсыз ауа райына қарамастан іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Непалдың Расува, Нувакот және Дхадинг аудандарында кемінде 17 мың бала шұғыл көмекке мұқтаж. ЮНИСЕФ оларға ауыз су, азық-түлік, дәрі-дәрмек және психологиялық қолдау қажет екенін мәлімдеді.

Айта кетейік осыған дейін Непалда табиғи апаттан кейін екі қазақстандық турист іздестіріліп жатқанын хабарлаған.

Сондай-ақ оқыңыз