
Қазақстандықтар қыздарына Айлин, ұлдарына Алан есімін жиі қоя бастаған. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында Айлин есімі 2 597 қызға, ал Алан есімі 1 490 ұлға берілген.
Ұлттық статистика бюросының ай сайынғы деректерін қосып есептегенде, қыздар арасында Айлин айқын алға шықты. Бұл есім жеті айдың бесеуінде бірінші орында болған. Тек сәуір мен мамырда Асылым есімі одан озып кетті.
Жеті айдың жалпы қорытындысында Асылым 2 224 көрсеткішпен екінші орынға жайғасты. Одан кейін Медина — 1 704, Томирис — 1 625 және Айша — 1 309 есімдері тұр.
Қыздарға жиі қойылған алғашқы он есімнің қатарына Аяла, Сафия, Мариям, Айым және Адия да кірді. Ал ТОП-20 тізімді 632 көрсеткішпен Асмира түйіндеді.
Ұлдар арасында Алан алға шықты
Алан есімі сәуірден шілдеге дейін төрт ай қатарынан ұлдар арасында ең жиі қойылған есім болды. Соның нәтижесінде жеті айлық рейтингте 1 490 көрсеткішпен бірінші орынға көтерілді.
Екінші орында 1 140 балаға қойылған Алихан есімі тұр. Одан кейін Мұхаммед — 1 090, Алдияр — 1 087 және Айсұлтан — 1 072 көрсеткішпен орналасқан. Хамза есімі де алғашқы бестікке өте жақын келді — жеті айда бұл есім 1 070 ұлға берілген.
Ұлдар рейтингіндегі қызық өзгерістің бірі — Рамазан есімінің ақпан мен наурызда күрт танымал болуы. Ақпанда 259, наурызда 336 балаға осы есім қойылған. Алайда жеті айдың қорытындысында Рамазан 637 көрсеткішпен 17-орында қалды.
Есімдердің жазылу үлгісі қорытындыға айтарлықтай әсер етеді. Мәселен, Мұхаммед пен Мухаммад ресми деректе екі бөлек есім ретінде есептелген. Біріншісі 1 090, екіншісі 971 рет кездеседі. Екеуін бір атаудың нұсқасы ретінде қосқанда 2 061 шығады. Сол сияқты Амир — 988, ал Әмір 573 рет қойылған.