Алматыда ер адам электрлі самокаттан құлап қайтыс болды

Алматыда 44 жастағы ер адам электрлі самокаттан құлап, қаза тапты, деп хабарлайды Кursiv.Media өңірлік Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жол-көлік оқиғасы 30 тамызға қараған түні Варламов көшесінде, Төле би даңғылына жақын жерде болған.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, ер адам электрлі самокатты басқара алмай, бордюрге соғылып құлаған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады полиция.
Құлаған азамат аса ауыр жарақат алған. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер реанимациялық шаралар жүргізгенімен, ер адамды аман алып қалу мүмкін болмады.
Алдын ала ақпарат бойынша, ол жүру сәтінде қорғаныс шлемін және басқа да жеке қорғаныс құралдарын тақпаған.
Оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Полиция электрлі самокат пайдаланушыларға қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертті.
Айта кетейік, 25 тамыздан бастап Қазақстанда электросамокат жүргізушілеріне қойылатын талаптар күшейді. Енді электрлі самокатпен тротуар мен жаяу жүргіншілер жолында жүруге болмайды.