АҚШ пен Иран тағы да бір-біріне қарсы шабуыл бастады

Иран АҚШ-тың Иорданиядағы әскери базаларына зымыранмен соққы жасады. Бұл туралы елдің мемлекеттік ақпарат құралдары хабарлады, деп жазады ВВС.
Дереккөзге сүйенсек, әуелі АҚШ Иран аумағындағы Ларак аралындағы зымыран ұшыру қондырғыларына соққы жасаған. Шабуыл салдарынан бірнеше адам қаза тапты, жараланғандар да бар.
Жауап ретінде Тегеран Иорданиядағы «Король Хусейн» және «Аль-Азрак» әскери базаларын атқылаған. Иран ислам революциясы сақшылары (ИИРС) шабуыл кезінде АҚШ әскери нысандарының «техникалық инфрақұрылымы мен жойғыш ұшақтардың позицияларын» нысанаға алғанын және оларға елеулі зиян келгенін мәлімдеді.
Өз кезегінде Иордания қарулы күштері елдің әуе кеңістігіне кірген сегіз зымыранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері арқылы ұсталғанын хабарлады.
Шабуылдан бірнеше сағат бұрын АҚШ Орталық қолбасшылығының өкілі Тим Хокинс АҚШ әскери күштерінің Иранға соққы жасағанын растаған. Оның айтуынша, америкалық әскерилер ИИРС күштерінің Ормуз бұғазына зымырандарды ұшыруға дайындалып жатқанын байқаған.
Бұл АҚШ-тың шілде айының соңынан бері Иранға жасаған алғашқы соққысы болды. Екі апта бұрын АҚШ пен Иран арасындағы 60 күндік отты тоқтату туралы келісімнің мерзімі аяқталды. Сол кезде Трамп келіссөздер әлі жүріп жатқанын, бірақ қарсы тарап тізе бүкпесе, Иранның одақтастарына да шабуылдауы мүмкін екенін ескерткен.