Ақтауда 7 адам мінген катер жартасқа соғылды: екі адам қаза тапты

30 тамыз кешке Ақтауда, Каспий теңізі акваториясында қайғылы оқиға болды. Жеті адам мінген катер жартасқа соғылып, апат салдарынан екі адам қаза тапты. Бұл туралы Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.
Ведомство мәліметінше, оқиға туралы хабарлама сағат 22:56-да түскен. Катер 5А шағынауданы тұсында жартасқа соғылған.
«Құтқару операциясы кезінде бес адам жағаға жеткізіліп, дәрігерлерге тексерілді. Ал катерде болған тағы екі адам, алдын ала мәлімет бойынша, құтқару жилетінсіз болған. Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында жағалаудан шамамен 500 метр қашықтықта құтқарушылар екі адамның мәйітін тауып, судан шығарып алды», – деп хабарлады ТЖД.
Құтқару операциясына ТЖД-ның 35 маманы, 4 техникасы мен 4 жүзу құралы жұмылдырылды. Бұдан бөлек, оқиға орнында полицияның 10 қызметкері, 4 техника, Апаттар медицинасы орталығының мамандары мен жедел жәрдемнің 5 бригадасы жұмыс істеді.