Астана қысқа қалай дайындалып жатыр – әкім жылу жүйесіндегі жұмыстарды атады

Астанада жылу маусымын тұрақты өткізу үшін ЖЭО-лар мен жылу желілерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала билігі биыл ондаған қазандық пен турбинаны жөндеп, жылу желілерінің бір бөлігін жаңғыртуды жоспарлаған. Сонымен қатар жылу өндіру қуатын арттыратын жаңа нысандар салынуда. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.
ЖЭО-ларда ондаған қазандық жөнделеді
Әкімнің айтуынша, елорданың жылу жүйесін жаңарту жұмыстары көктемнен басталған. Биыл ЖЭО-1-де 10 қазандық пен 3 турбина, ал ЖЭО-2-де 14 қазандық пен 6 турбогенератор жөнделмек.
Бұған қоса, 7,5 шақырым жылу желісін күрделі жөндеу және реконструкциялау жоспарланған. Электр инфрақұрылымындағы 67,4 шақырым әуе және кабель желісі мен 68 тарату және трансформаторлық қосалқы пункт те жөндеуден өтеді.
«Күз-қыс кезеңін тұрақты әрі қауіпсіз өткізу – қаланың қалыпты тіршілігін қамтамасыз етудегі негізгі мәселелердің бірі. Сондықтан елорданы жылыту маусымына дайындау жұмысын көктемнен бастап қолға аламыз», – деді Жеңіс Қасымбек.
Жылу қуатын жаңа нысандар арқылы арттырмақ
Астана халқы мен аумағының өсуіне байланысты қолданыстағы инфрақұрылымға түсетін жүктеме де артып келеді. Осыған байланысты қалада жылу өндіру қуатын көбейтуге бағытталған бірнеше жоба іске асырылып жатыр.
Биыл «Телман» газ жылу станциясын іске қосу жоспарланған. Оның жылу өндіру қуаты сағатына 620 Гкал болады.
Ал ЖЭО-2-нің су жылытатын қазандығын кеңейту және реконструкциялау кезінде №7 және №8 қазандықтар орнатылады. Нәтижесінде жылу қуаты сағатына 360 Гкал-ға артады. Жаңа жабдықтарды келесі жылы іске қосу көзделген.
Тағы екі станцияның қуаты ұлғаяды
Бекітілген бас жоспарға сәйкес, «Оңтүстік-Шығыс» және «Оңтүстік-Батыс» газ жылу станцияларын кеңейту бойынша жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі нысанның жалпы жылу өндіру қуаты сағатына 940 Гкал болады.
Қала әкімдігінің жоспарына сәйкес, жөндеу жұмыстары қолданыстағы жылу жүйесінің тұрақтылығын арттыруға, ал жаңа нысандар жылу өндіру қуатын көбейтіп, қажетті резерв қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
Тағы да оқыңыз: Үкімет Петропавлдағы жылу магистралін жөндеуге 650 млн теңге бөлді.