Непал үкіметі Meta мен TikTok-тан су тасқыны жайлы жалған ақпаратты өшіруді сұрады

Непалдағы алапат су тасқынынан кейін әлеуметтік желілерде ЖИ арқылы жасалған видеолар, жалған ақпарат, шок контент тым көп тарап кетті. Алаяқтар бейнежазбаларға жалған QR-код қойып, халықты алдап, қайырымдылыққа ақша жинап алмақ болған. Осыған байланысты ел үкіметі Meta мен TikTok-тан жалған контентті өшіруді сұрады.
Аталған контент оқырмандарды жаңылыстырып, құтқару жұмыстарына кедергі келтіріп жатыр. Қаза тапқандардың отбасы үшін де ондай видеолардың жариялануы тым ауыр соғады. Осыған байланысты Непал телекоммуникациялар басқармасының (NTA) директоры Биджай Кумар Рой компания өкілдерінен жалған ақпарат туралы хабар түсен бойда оған апаратын сілтемелерді өшіруді сұрап отыр.
«Интернет-провайдерлер жеке жазбаларды өшіре алмайды, олар тек тұтас сайтты бұғаттай алады. Сондықтан жалған немесе шок контентті тікелей әлеуметтік желілердің өзі анықтап, жедел өшіруі маңызды. Үкімет TikTok пен Meta-дан мұндай материалдар жарияланған сәтте автоматты түрде анықталып, бұғатталатындай алгоритмдерді күшейтуді сұрады», – деді Рой.
Сарапшылардың зерттеуінше, әлеуметтік желіде бұған дейін басқа апат кезінде түсірілген ескі видеолар жаңа кадр ретінде қайта жарияланып жатыр. Апат болмаған жерде ЖИ көмегі арқылы су тасқыны жүргендей видеолар да жасалған.
Meta мен TikTok өкілдері бұл іске қатысты арнайы мамандар тағайындады. Шағым түскеннен кейін олар шенеуніктермен бірлесіп, контентке тексеру жүргізеді. Бірақ жазбаны өшіргенге дейін 24-48 сағат уақыт кетеді, сондықтан шенеуніктер мерзімді қысқартуды сұрап отыр. Әсіресе, құрбандар мен апат салдарын көрсететін шок суреттер мен видеоларды бірден бұлыңғырлауды сұрайды.
Шенеуніктер дағдарыс кезінде тараған ақпараттың құтқару жұмыстарына, көмек таратуға және халықтың моральдық жағдайына айтарлықтай әсер етуі мүмкін екенін айтты. Сондықтан тексерілмеген, ЖИ арқылы жасалған жалған ақпаратты таратпауға шақырады.
Еске салайық, 26 тамызда Непалдың солтүстігінде жойқын су тасқыны болып, бірнеше елді мекенді және Қытайдың Тибет автономиялық ауданындағы Жилун шекаралық өткізу бекетін қиратты. Соңғы мәлімет бойынша, апаттан 794 адам қаза тапты, жүздеген адам жоғалды. Із-түссіз кеткендердің арасында Қазақстанның үш азаматы бар.