Непалда алапат су тасқынынан қаза тапқандар 794 адамға жетті

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Непалда алапат су тасқынынан 794 адам қаза тапты
Фото: REUTERS/Navesh Chitrakar

Непалда жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 794 адамға жетті. Тағы 2500-ден астам тұрғын із-түзсіз жоғалғандар тізімінде, деп хабарлайды Kursiv.Media BBC агенттігіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта құтқарушылар іздестіру-құтқару жұмыстарын тоқтатпай жүргізіп жатыр.

Непал Төтенше жағдайлар басқармасының мәліметінше, құтқару қызметтері қалың балшық астында қалған елдімекендерді тексеріп жатыр. 28 тамыздан бері толастамай жауған нөсер жаңбыр іздеу шараларын қиындата түсті.

Мамандар таулы аудандарда қайтадан сел жүруі мүмкін деп қауіптенеді. Сонымен қатар су тасқыны салдарынан жаңа көл пайда болған. Егер ол бұзылса, Лхенде және Тришули өзендерінде қайтадан жойқын су ағыны басталуы ықтимал.

Непал тарапында құтқару жұмыстары Тришули өзенінің жоғарғы ағысындағы бес бөгеттің маңында жүргізіліп жатыр. Билік өкілдерінің болжамынша, бөгеттердің бірінің жанындағы тоннельде 350-ге жуық адам қалып қоюы мүмкін.

Шекараның Қытай жағында да жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Қытай билігінің хабарлауынша, онда 16 адам қаза тауып, 546 тұрғын із-түзсіз жоғалғандар тізімінде.

Сонымен қатар Непал билігі 592 шетелдіктің қайда екенін әлі анықтай алмай отыр. Олардың басым бөлігі — Қытайдың Тибет автономиялық ауданындағы қасиетті Кайлас тауына бет алған зияратшылар.

Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда. Мамандар ауа райының нашарлауына және жаңа су тасқынына дайындалып жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін апаттан 734 адамның қаза тапқаны хабарланған болатын.

Осыған дейін Непалда табиғи апаттан кейін үш қазақстандық турист іздестіріліп жатқанын хабарлаған.  

Сондай-ақ оқыңыз