
Мұнай нарығы жаңа аптаны өсіммен бастады. АҚШ пен Иран арасындағы кезекті соққылар шикізат жеткізіліміне қатысты алаңдаушылықты күшейтіп, Brent бағасын қайтадан 90 доллардан асырды.
31 тамызда Алматы уақытымен сағат 07:41-дегі дерек бойынша, Brent фьючерстері 2,85% қымбаттап, барреліне 90,61 долларға жеткен. Америкалық WTI бағасы 2,55% өсіп, 85,53 доллар болған. Таңғы саудадағы көрсеткіштер.
Бағаның көтерілуіне демалыс күндері Таяу Шығыстағы жағдайдың қайта шиеленісуі түрткі болды. АҚШ әскері 30 тамызда Ормұз бұғазындағы Иранға тиесілі Ларак аралында орналасқан екі зымыран ұшыру қондырғысына соққы берген. Иран бұған жауап ретінде Иорданиядағы америкалық нысандарға зымыран бағыттаған. AP Иордания тарапы оларды әуе қорғанысы ұстап қалғанын хабарлады деп жазады.
Brent мұнай бағасы онлайн
Brent Crude Oil, USD/баррель. Дерек TradingView арқылы жаңарып тұрады.
Нарық үшін негізгі қауіп – Ормұз арқылы мұнай тасымалының одан әрі шектелуі. Соғыс басталғанға дейін әлемдегі мұнай ағынының шамамен бестен бірі осы бұғаздан өтетін. Reuters келтірген кеме қозғалысы деректеріне сәйкес, демалыс күндері бұғаздан өткен шикізат тасымалдаушы кемелер саны тәулігіне беске дейін азайған.
IG сарапшысы Тони Сикамордың бағалауынша, қақтығыс қайта ушығу кезеңіне өткен. Алайда оның бірнеше күнге немесе бірнеше аптаға созылатынын болжау қиын. Бұл белгісіздік мұнай бағасының құбылуына ықпал етіп отыр.
Айта кетейік, өткен аптада Brent 5%-дан, ал WTI 4%-дан астам арзандаған еді. Сол кезде нарыққа Ормұз бұғазын ашу жөніндегі ықтимал келісім туралы ақпарат пен АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлемеге қатысты болжамдар әсер еткен.