Қызылорда облысында той кортежіне қатысқан 15 адам жауапқа тартылды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
фото: shutterstock, бильд-редактор: Серикжан Ковланбаев

Қызылорда облысында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған той кортежінің қатысушылары анықталды.

Polisia.kz ақпаратына қарағанда, көліктер қарсы бағытқа шығып, авариялық жағдай туғызған. Кейбірі  жол бойында пиротехникалық құралдар пайдаланған.

Құқық бұзушылық 23 тамызға қараған түні Жаңақорған ауданында болғаны белгілі болды. Барлық қатысушы анықталып, полицияға жеткізілді.

«Олар – 21 мен 35 жас аралығындағы Жаңақорған ауданының, Алматы және Жамбыл облыстарының, сондай-ақ Шымкент қаласының тұрғындары. Жауапкершілікке тартылғандардың арасында 13 жүргізуші және 2 жолаушы бар. Барлығы заңда белгіленген тәртіппен жазаланды. Құқық бұзушыларға қатысты 56 әкімшілік іс қозғалды», – делінген ақпаратта.

Сот шешімімен үш жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды. Қатысушылардың біріне бес тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Қалғандарына әкімшілік айыппұлдар салынды. Бес автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Барлық қатысушыға мұндай әрекеттерге жол бермеу туралы ресми ескерту берілді.

Айта кететін жайт, әлеуметтік желілерде Таразда өткен үйлену тойы кортежінің бейнежазбасы қызу талқыланып жатыр. Қымбат көліктерден құралған шеру жолда басқа жүргізушілерге қауіп төндіріп, апатты жағдай туғызған.

Сондай-ақ оқыңыз