Тоқаев пен Путин Бішкекте оңаша кездеседі

Ертең, 1 қыркүйекте Бішкек қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин оңаша кездесу өткізеді. Бұл туралы Ресей Президентінің көмекшісі Юрий Ушаков хабарлады.
Екі ел президенттері соңғы рет 25 шілдеде Омбы қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің XXII ынтымақтастық форумында кездескен еді. Алайда, Ушаковтың айтуынша, ол кезде кейбір мәселелер келіссөз аясынан тыс қалған. Сондықтан Тоқаев пен Путин Бішкектегі кездесуде соларды қосымша талқылауды жоспарлап отыр. Күн тәртібіне нақты қандай тақырыптар енетіні әзірге нақтыланған жоқ.
Бішкектегі ауқымды ШҰҰ саммиті
1 қыркүйекте Қырғызстан астанасында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы және «ШЫҰ плюс» форматындағы кеңейтілген кездесу өтеді. Саммитке Қазақстан, Ресей, Қытай, Иран, Беларусь, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркия, Әзербайжан, Армения, Моңғолия және басқа да елдердің басшылары қатысады. Сондай-ақ Үндістан мен Пәкістанның премьер-министрлері және БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бастаған халықаралық ұйымдардың өкілдері келеді.
Еске сала кетейік, мамыр айында Қазақстан Президенті Жеңіс күніне арналған іс-шараларға қатысу үшін Мәскеуге барса, кейінірек Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Хаттамалық тәжірибеге сәйкес бір президенттік мерзім ішінде бір ғана мемлекеттік сапар қарастырылатынына қарамастан, бұл оның Қазақстанға жасаған екінші мемлекеттік сапары болған еді.