Ұлттық банк «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Ұлттық банк жаңа монеталарды айналысқа шығарады
Ұлттық банк жаңа монеталарды айналысқа шығарады / фото: Ұлттық банк

Қазақстан Ұлттық Банкі «Мифтер, аңыздар, әзіл әлемі» сериясынан «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» коллекциялық монеталарын айналысқа шығарады. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Коллекциялық монеталар 2026 жылғы 2 қыркүйектен бастап Қазақстан Ұлттық Банкінің интернет-дүкені арқылы сатуға шығарылады.   

Коллекциялық монета туралы

Монета дизайны «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының желісімен дүниеге келді. Бұл поэма – мәңгілік махаббат пен жанкешті адалдықтың, өлмес сезімнің қазақ фольклорындағы ең асқақ үлгісін паш ететін құнды мұралардың бірі.

Монета мельхиор қоспасынан (МН 25) тұрады, оны дайындау кезінде тампонды баспа технологиясы қолданылған. Массасы 15 грамм, диаметрі 33 мм, дайындау сапасы – «brilliant uncirculated», номиналы 200 теңгелік, таралымы – 7 000  (жеті мың) дана.

Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнына сай барлық төлем түрінде қабылдауға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шоттарына есепке алуға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады.

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.

Сондай-ақ оқыңыз