Вице-президент не істейді және қандай жағдайда президентті алмастырады

Қазақстанда вице-президент лауазымы 30 жылдан кейін қайта оралды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында болған бұл лауазым 1996 жылы жойылған еді. Арада үш онжылдыққа жуық уақыт өткен соң, жаңа Конституция аясында вице-президент қызметі қайта енгізіліп, 31 тамызда бұл лауазымға Ерлан Қарин тағайындалды.
Қазақстандағы алғашқы вице-президент кім болды
Қазақстан тарихында вице-президент лауазымын алғаш рет Ерік Асанбаев атқарған. Ол бұл қызметке 1991 жылы, ел тәуелсіздік алар алдындағы кезеңде келді. Асанбаев сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге президенттік сайлауға түсіп, вице-президент болып сайланды. Бұл лауазымды ол 1996 жылдың ақпанына дейін атқарды.
1990-жылдардың басындағы мемлекеттік басқару жүйесі қазіргі құрылымнан айтарлықтай өзгеше болғанын ескеру керек. Ел жаңа тәуелсіздік алып, мемлекеттік институттар енді қалыптасып жатқан кезең еді. Десе де ол кезде де вице-президент институты мемлекет басшысының жанындағы жоғары саяси лауазымдардың бірі ретінде қарастырылды.
Қазіргі вице-президенттің негізгі жұмысы қандай
2026 жылғы 5 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңның 24-бабында вице-президенттің негізгі өкілеттігі көрсетілген.
Оған сәйкес, вице-президент президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде мемлекет басшысының атынан өкілдік етеді. Сонымен қатар президент оған қосымша өкілеттіктер бере алады.
Қарапайым тілмен айтқанда, вице-президент – өз алдына бөлек саясат жүргізетін немесе Үкіметті басқаратын тұлға емес. Ол президент белгілеген бағыттар бойынша мемлекеттік органдар арасындағы жұмысты үйлестіруге және мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға қатысады.
Мысалы, президент белгілі бір реформаның іске асырылуын бірнеше мемлекеттік органмен бірлесіп бақылауды тапсырса, осы процесте вице-президент президенттің атынан тиісті органдармен жұмыс істей алады.
Яғни оның жұмысының маңызды бөлігі – президент, Құрылтай, Үкімет және басқа мемлекеттік органдар арасындағы байланысты қамтамасыз ету.
Неге Құрылтаймен және Үкіметпен жұмыс істеуі маңызды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдағы сөзінде вице-президенттің мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқаратынын, оның Құрылтай депутаттарымен және Үкіметпен тығыз жұмыс істейтінін айтты. Мемлекет басшысы Ерлан Қариннің мемлекеттік басқару жүйесін және елдің стратегиялық бағытын жақсы білетінін атап өтті.
Алайда вице-президенттің мәртебесі құрылтай немесе үкімет басшысымен теңестірілмейді.
Құрылтайдың өз төрағасы бар, Үкіметті премьер-министр басқарады. Ал вице-президент қажет болған жағдайда президенттің тапсырмасымен осы институттармен байланыс орнатады.
Осы тұрғыдан алғанда, вице-президентті президент пен негізгі мемлекеттік институттар арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін лауазым ретінде қарастыруға болады.
Вице-президент президенттің орынбасары ма
Вице-президенттің күнделікті өкілеттігі президенттің тапсырмасымен жүзеге асырылады. Оның нақты қандай бағыттарға жауап беретіні мемлекет басшысының шешіміне байланысты болады. Конституцияда да президент вице-президенттің өкілеттігін айқындайтыны көрсетілген.
Сондықтан Ерлан Қариннің нақты жұмыс бағыты оның қызметіне қатысты президенттің кейінгі тапсырмалары мен актілері арқылы кеңеюі мүмкін.
Президент болмаған жағдайда…
Конституцияның 51-бабына сәйкес, егер президент өз еркімен қызметінен кетсе, денсаулығына байланысты міндетін атқара алмайтын болса, өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда немесе қайтыс болса, президенттің өкілеттігі вице-президентке өтеді.
Егер вице-президент президенттің өкілетін қабылдай алмайтын жағдайда болса, бұл міндет алдымен Құрылтай Төрағасына, ал ол да қабылдай алмаған жағдайда Премьер-министрге өтеді.
Осылайша, жаңа жүйеде биліктің ауысу тәртібі алдын ала белгіленген:
Президент → Вице-президент → Құрылтай Төрағасы → Премьер-министр.
Бұл тәртіпті бұрынғы мәжілістің депутаты Айдос Сарым да түсіндірген еді. Оның айтуынша, мұнда лауазымдардың арасында таңдау жасалмайды, заңда белгіленген кезектілік сақталады.
«Мәселен, вице-президент «менің қолымнан келмейді» десе, Құрылтай төрағасына ұсынылады. Егер ол да қандай да бір себеппен бас тартса, онда Үкімет төрағасына өтеді», – деді депутат.
Вице-президент президенттің орнын тұрақты басып қалмайды
Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда оны вице-президент қабылдайды. Бірақ бұл вице-президенттің автоматты түрде жаңа президент болып сайланғанын білдірмейді.
Конституция бойынша мұндай жағдайда Құрылтай жеті күн ішінде президент сайлауын жариялауы керек. Сайлау Құрылтай тиісті шешім қабылдаған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.
Демек, Вице-президенттің бұл функциясы ең алдымен мемлекет басшысы қызметінде бос орын пайда болған кезде басқару жүйесінде үзіліс болмауын қамтамасыз етуге арналған.
Вице-президенттің қандай шектеулері бар
Вице-президенттің мәртебесі жоғары болғанымен, ол басқа саяси және коммерциялық қызметтерді қатар атқара алмайды.
Заң бойынша вице-президент:
- өкілді органның депутаты бола алмайды;
- басқа ақы төленетін лауазымды атқара алмайды;
- кәсіпкерлікпен айналыса алмайды;
- саяси партия мүшесі бола алмайды.
Бұл шектеулер вице-президенттің мемлекеттік қызметтегі бейтараптығын сақтауға және оның бірнеше саяси немесе коммерциялық мүддені қатар алып жүруіне жол бермеуге бағытталған.
Ерлан Қариннің тәжірибесі жаңа қызметке қалай сәйкес келеді
Қариннің жаңа қызметке тағайындалуы оның мемлекеттік басқару саласындағы ұзақ жылғы тәжірибесімен де байланысты.
Ол әр жылдары президенттің кеңесшісі, көмекшісі, мемлекеттік хатшы, мемлекеттік кеңесші және президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. 2026 жылғы 30 маусымда Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған еді.
Президент Қаринді вице-президент қызметіне ұсынғанда оның мемлекеттік басқару тәжірибесін және стратегиялық бағыттарды жақсы білетінін атап өтті.
Вице-президент премьер-министрден несімен ерекшеленеді
Премьер-министр – үкіметтің басшысы. Ол атқарушы биліктің жұмысын ұйымдастырып, Үкіметтің күнделікті қызметіне жетекшілік етеді.
Ал вице-президент Үкіметті басқармайды. Оның негізгі міндеті – Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа мемлекеттік органдармен жұмыс істеу.
Яғни, вице-президенттің қызметі ең алдымен президент айқындаған міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыруға бағытталған.
Вице-президенттің мемлекеттік жүйедегі рөлі қандай
Қазақстандағы жаңа вице-президент институтының үш негізгі функциясын бөліп көрсетуге болады.
Біріншісі – үйлестіру. Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және мемлекеттік органдармен жұмыс істейді.
Екіншісі – өкілдік ету. Белгілі бір мәселелер бойынша президенттің атынан мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды.
Үшіншісі – билік сабақтастығын қамтамасыз ету. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда оның өкілеттігін бірінші болып вице-президент қабылдайды.