Журналистердің Құрылтай депутаттарына еркін сұрақ қоюы шектеледі

Енді журналистер депутаттарға еркін сұрақ қоя алмайды. Құрылтай депутаттарының БАҚ өкілдерімен жұмыс істеу форматы өзгерді. Енді депутаттардың барлық брифингі, сұхбаты және пікір беруі тек ресми түрде белгіленген баспасөз орталығында өтеді. Бұл туралы Құрылтай аппараты басшысының орынбасары Болат Кальянбеков мәлімдеді.
Сұрақтар тек баспасөз орталығында қойылады
Оның айтуынша, енді журналистердің депутаттармен байланысы баспасөз орталығына көшіріледі. БАҚ өкілдері баспасөз орталығында Құрылтайдың күн тәртібіндегі нақты мәселелер бойынша жұмыс істеп жатқан депутаттарға сұрақ қоя алады. Яғни журналистер алдына сол күні қаралып жатқан тақырыпқа қатысты пікір білдіруге өкілетті депутаттар ғана шығады.
«Журналистер депутаттарға қоятын барлық сұрағын баспасөз орталығында қояды», – деді Кальянбеков.
Бұл ретте жаңа форматтың түпкілікті тәртібі әлі де пысықталып жатыр. Соңғы шешімді Құрылтай бюросы қабылдауы тиіс.
Депутаттар қалай таңдалады
Журналистер алдына бір уақытта қанша депутат шығатыны және мұндай кездесулердің қаншалықты жиі өтетіні әзірге белгісіз.
Сұхбат алдын ала келісілетін болады
Оның айтуынша, депутаттармен жеке сұхбаттасуға мүмкіндік сақталады. Ол үшін журналист нақты депутатпен алдын ала байланысып, кездесуді келісуі керек. Сонымен қатар депутаттарға жазбаша сауал жолдауға болады.
Кальянбеков өзгерістерді қолданыстағы аккредиттеу тәртібімен түсіндірді. Оның айтуынша, мемлекеттік орган журналистердің жұмыс істеп, депутаттармен байланысатын орнын өз бетінше белгілеуге құқылы.
Алайда жаңа тәртіп әзірге ресми түрде бекітілген жоқ. Оның нақты талаптары әлі де талқыланып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін журналистер депутаттарға кулуарда алдын ала келісімсіз барып, Құрылтайда болған оқиғаларға қатысты жедел пікір ала алатын. Жаңа формат енгізілсе, мұндай мүмкіндік шектелуі мүмкін. Себебі енді журналистердің депутаттармен байланысы олардың баспасөз орталығына келуіне және қандай мәселелер бойынша пікір білдіруге дайын екеніне байланысты болады.
Жаңа тәртіп алғашқы күні-ақ байқалды
Жаңа тәртіптің әсері бүгін, 31 тамызда өткен жиын кезінде-ақ байқалды. Вице-президентті сайлау рәсімі өтіп жатқанда журналистер депутаттармен бұрынғыдай кулуарда тілдесе алмады. БАҚ өкілдері орналасқан баспасөз орталығынан кулуарға шығатын есік те жабық болды. Соның салдарынан журналистер депутаттарды мүлде көре алмады.
Журналистер ғимарат сыртынан Respublica фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаровты кездейсоқ көріп қалып, одан сұхбат алды. Қожаназаров журналистерге депутаттармен жұмыс істеудің жаңа тәртібі туралы хабардар емес екенін айтты.
«Егер қандай да бір шектеулер енгізілетін болса, сіздермен диалогымыз жылы жерде өтуі үшін қажетті алаңдарды ұйымдастыруға дайынбыз деп ойлаймын», – деді депутат.
Іс жүзінде журналистерге депутаттармен еркін байланыс орнату мүмкіндігінен бас тартып, ұйымдастырылған кездесулер форматына көшу ұсынылып отыр. Мұндай форматта отырыстан кейін қай депутатқа және қандай мәселе бойынша жедел сұрақ қою керектігін редакцияның өзі анықтай алмайды. Депутаттармен байланыс көбіне баспасөз орталығына кімнің шақырылатынына байланысты болады.