1 қазанға дейін: жеке мүлік салығы қашан және қалай төленеді

Жыл сайын миллиондаған қазақстандыққа мүлік салығы бойынша хабарлама келеді. Алайда бұл төлемнің қалай есептелетінін, кімдерге жеңілдік қарастырылғанын немесе салық қате жазылғанда қайда жүгіну керегін көбі біле бермейді. Осы ретте Маңғыстау облысының мемлекеттік кірістер комитеті жеке мүлік салығы қалай төленетінін түсіндірген, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Мүлік салығы қалай есептеледі?
Салықты мемлекеттік кірістер органдары мүліктің орналасқан жері бойынша есептейді. Тұрғын үй, пәтер, саяжай, гараж және автотұрақ сияқты жылжымайтын мүліктің бағалау құны салық базасы саналады.
Мүліктің бағасы жоғары болса, салық мөлшерлемесі да соғұрлым өседі. Салық есепті жылдан кейінгі жылдың 1 шілдесіне дейін есептеліп, 1 қазанына дейін төленуге тиіс.
Төлемесе не болады?
1 қазаннан кейін төленбеген әрбір күн үшін өсімпұл есептеледі. Борышкерге 30 жұмыс күн ішінде орындалуға тиіс хабарлама жіберіледі.
Заң бұзу жойылмаса және берешек 1 АЕК-тен (2026 жылы — 4 325 теңге) асса, іс сот орындаушыларына өтіп, банк есепшоты мен мүлікке арест қойылуы мүмкін.
Дегенмен заңнамада кейбір азаматтар үшін елеулі жеңілдіктер қарастырылған. «Батыр ана» мен «Алтын алқа» иегерлері, сондай-ақ жалғыз тұратын зейнеткерлер мүліктің белгілі бір құнына дейін салықтан босатылса, ҰОС және майдан ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен мүгедектігі бар жандарға да жоғары шекті жеңілдіктер берілген.
Ал кәмелетке толмаған жетім балалар мен көпқабатты үй астындағы жер үлесі бар пәтер иелері бұл салықты мүлде төлемейді.
Егер сізге салық сомасы шамадан тыс көп келсе немесе сатылып кеткен мүлікке, тіпті жеңілдігіңіз бола тұра есептеліп кетсе, мүліктің орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер мекемесіне растаушы құжаттармен жүгінген абзал.
Өйткені жүйедегі деректердің жаңартылмауы немесе меншік иелігінде болған айларды есептеудегі алшақтықтар тез арада қайта түзетіледі.
Ал салықты e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы немесе банк сервистері арқылы кез келген уақытта оңай төлеуге болады.
Бұған дейін ауылдағы кәсіпкерлер енді сыртқы жарнама үшін де ақша төлейтіні хабарланған.