
Спортты серік еткен алматылықтар мен қала меймандары үшін жүгірумен тегін айналысудың тамаша мүмкіндіктері бар. Жүгіруді жаңадан бастағандарға да, тәжірибелі спортшыларға да арналған арнайы жаттығулар мен жүгіру клубтары қалада белсенді жұмыс істейді, деп хабарлайды Kursiv.Media Алматы әкімдігіне сілтеме жасап.
Орталық стадиондағы тегін жаттығулар
Almaty Marathon ұйымдастырушысы – «Бірінші болу батылдық» корпоративтік қоры Орталық стадионда аптасына екі рет сәрсенбі және сенбі күндері тегін жаттығулар өткізеді. Кәсіби жаттықтырушылардың жетекшілігімен жүгіру техникасын жетілдіруге, денсаулыққа зиян келтірмей жүктемені дұрыс бөлуді үйренуге болады.
Алдын ала тіркелудің керегі жоқ. Жаттығулардың нақты уақыты мен толық ақпараты @openrunam Telegram арнасында жарияланып отырады.
Community Almaty Run жүгіру қауымдастығы
Әр жексенбі сайын жүгіру маршруттары қаланың әртүрлі бағыттары бойынша ұйымдастырылады. Әрбір қатысушы өзіне қолайлы арақашықтық пен қарқынды таңдай алады.
Жүгіруден кейін спортшыларға ашық дәрістер өткізіледі. Онда дұрыс тамақтану, жаттығудан кейін қалпына келу және жарақаттардың алдын алу сияқты пайдалы тақырыптар талқыланады. Жаттығулар кестесі @runalmatymarathon Telegram арнасында жарияланады.
Қатысу үшін арнайы қымбат жабдықтардың керегі жоқ: ыңғайлы спорттық киім, жүгіруге арналған аяқ киім жеткілікті.
Еске сала кетейік, 27 қыркүйекте Алматыда мерейтойлық 15-ші Almaty Marathon өтеді. Жылдың басты спорттық оқиғасына әлемнің 60-тан астам елінен 16 мыңнан астам қатысушы жиналады деп күтіліп отыр.