Халық 21 млрд теңге құйған: «Amanat Drive» қаржы пирамидасының басшысы сотталды

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
«Amanat Drive» қаржы пирамидасы
«Amanat Drive» қаржы пирамидасы / Фото: shutterstock

Қонаев қаласының соты «Amanat Drive» қаржы пирамидасының басшыларына қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Kursiv.Media Қаржы мониторинг агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында қаржы пирамидасы 8 мыңнан астам салымшыны тартып, 21 млрд теңге көлемінде заңсыз пайда тапқан.

Ұйымдастырушылар азаматтарға жылжымайтын мүлік пен автокөліктерді тиімді шарттармен, яғни пайыз төлемей және кейін бөліп төлеу мүмкіндігімен сатып алуды ұсынған.

«Бүгінде олар кінәлі деп танылып, Шүкен К.К. 8 жылға бас бостандығынан айырылды, ал Үрәтбек М.С. 1 жылға бас бостандығынан айырылды», – деп хабарлады ҚМА.

Қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы заңсыз жолмен алынған қаражатты заңдастыру үшін бірнеше деңгейлі схема жүргізген. Ол өз бақылауындағы заңды тұлғалар – «Алло, не керек», «i-m@rketing», «Gold SapaPremium» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін пайдаланған.

Аталған компаниялар жарнама қызметі, жылжымайтын мүлік және көлік нарығындағы талдау мен болжау сияқты қызметтердің жалған жеткізушілері ретінде әрекет еткен. Жалған шарттар негізінде 1,8 млрд теңгеден астам қаражат шығарылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Тартылған қаражат есебінен сотталғандар 2 пәтер және Lexus маркалы 3 автокөлік сатып алып, ықтимал тәркілеуден жасыру мақсатында оларды сенімді адамдардың атына рәсімдеген.

Сот аталған мүлікті мемлекет кірісіне тәркіледі. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, «Amanat Drive» қаржы пирамидасына қатысты тергеу осыдан бір жыл бұрын басталған еді. Сол кезде халық 21 млрд теңге құйған «Amanat Drive» қаржы пирамидасының басшысы қамауға алынды.

Сондай-ақ оқыңыз