БАӘ-де өлген екі қазақ қызының әкесі жүрегі тоқтап қалды дегенге сенбейді

Қазақстаннан БАӘ-ге жұмыс істеуге кеткен Ақжан мен Жұлдыз Бохановалардың денесін елге әкеліп, жаназасын шығарды. Ресми құжатқа сенсек, бойжеткендердің жүрегі тоқтап қалған деген қорытынды шығарылған. Бірақ марқұмдардың әкесі оған сенбейді.
Ақжан мен Жұлдыздың әкесі Мейрам Боханов қыздарының денесін Қазақстанға әкелгеннен кейін жерлеудің алдында ғана көрген.
«Жүрегі тоқтап қалды дейді. Біз олардың қалай өлгенін, қалай өлтіргенін білмейміз. Интернетте тарап жатқан бар ақпарат өтірік. Сенбеңіздер, сараптаманың қорытындысы шыққан кезде ғана бірнәрсе айтуға болады», – деді ол КТК телеарнасының тілшісіне.
Бойжеткендер өткен жылы жұмыс істеу үшін Шаржыға кетіп, сұлулық салонына орналасқан. Олардың денесін жалдамалы пәтерден тапқан. Кейін олардың өліміне күдікті ұсталды деген хабар тарады. Мейрам Бохановтың сөзінше, ол Қазақстан азаматы.
Араб Әмірліктерінде екі Қазақстан азаматы қаза тапқаны туралы ақпарат 25 тамызда тарады. Сол кезде СІМ тергеу жүріп жатқанын мәлімдеген.