Бензин, гибрид, электромобиль: қазақстандықтар қай көлікті көбірек таңдайды

2026 жылы әлемдік автонарықтағы сатылым көлемі 100 млн көлікке дейін жетуі мүмкін. Ал жаһандық нарықтағы құбылмалылыққа қарамастан, Қазақстанда автокөлік нарығы өсімін жалғастырып келеді. Қазір сатып алушылар көлік таңдағанда оның түріне ғана емес, өз қажеттілігі мен қаржылық мүмкіндігіне де мән береді. Сондықтан бензинмен жүретін көлікпен қатар гибридтер мен электромобильдерге де қызығушылық артып келеді. Бұл туралы 24KZ эфирінде Автомобиль нарығын мониторингілеу және талдау агенттігінің бас директоры Артур Мискарян айтты.
Қазақстан автонарығындағы өсім бәсеңдеген жоқ
Соңғы жылдары әлемдік автонарық бірнеше рет айтарлықтай құлдырауды бастан өткерді. Пандемиядан кейін көлік сатылымы қайта қалпына келе бастап, 2023 жылы 93 млн автомобильге жетті. Ал 2026 жылы әлемдік нарықтағы сатылым көлемі 100 миллионға жуықтауы мүмкін.
Қазақстанда жағдай өзгеше. Мискарянның айтуынша, отандық автонарық 2017 жылдан бері пандемияға, логистикалық дағдарысқа және халықаралық тұрақсыздыққа қарамастан үздіксіз өсіп келеді.
«Нарығымыздың өсуін жалғастыруының негізгі себептеріне тұрақты сатып алу қабілетінен бөлек, біріншіден, біздің мәдени кодымызды, екіншіден, географиялық орналасуымызды жатқызуға болады», – деп атап өтті Мискарян.
Автопаркті жаңарту да әсер етіп отыр
Нарықтың өсуіне әсер ететін тағы бір фактор – автопарктің жаңаруы. Ескі көліктер біртіндеп қолданыстан шығып, олардың орнын жаңа әрі заманауи автомобильдер басып келеді.
Сонымен қатар сатып алушылардың 10–15 жыл бұрын шығарылған көліктерге деген көзқарасы да өзгерген. Бұрын мұндай автомобильдерді алуға дайын болған тұтынушылар қазір салыстырмалы түрде жаңа көліктерді көбірек таңдауға бейім.
Қытайлық брендтердің үлесі артып келеді
Электромобильдер мен гибридтердің нарықтағы үлесі әзірге аз. Бірінші жартыжылдықта Қазақстанда мұндай көліктердің шамамен 3,6 мыңы ресми түрде сатылған. Бұл жаңа автомобильдердің жалпы сатылымының 3,2%-ын құрайды. Дегенмен өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда олардың сатылымы 2,5 есе өскен.
Бұл сегментте Қытай брендтері көш бастап тұр. Мискарян әсіресе BYD маркасын атап өтті. Бірінші жартыжылдықта қазақстандықтар осы брендтің 2 мыңнан астам көлігін сатып алған. Бұл ең жақын бәсекелестің көрсеткішінен үш еседен де жоғары.
Жаңа автомобильдер нарығының негізгі бөлігін әзірге Қазақстанда өндірісі жолға қойылған Hyundai, Chevrolet және Kia маркалары ұстап отыр. Осы үш брендтің үлесіне жаңа көліктер сатылымының шамамен 45%-ы тиесілі.
Ал Қазақстанда ресми түрде ұсынылған 20-дан астам қытайлық брендтің жиынтық үлесі шамамен 35%-ды құрайды. Сарапшының пікірінше, қытайлық компаниялардың өндірісті Қазақстанда одан әрі локализациялауы тұтынушылар үшін тиімді болуы мүмкін.
«Белгілі бір бренд нақты бір нарықта өндірісін жергіліктендірген кезде, өндіруші мен дистрибьютордың бағаны тұрақтандыруға және оны барынша болжамды етуге мүмкіндігі артады», – деді Мискарян.
Бензин, гибрид әлде электр көлігі
Сарапшы әртүрлі қозғалтқыш түрлерінің арасынан нақты бір көшбасшыны бөліп отырған жоқ. Оның айтуынша, сатып алушылар көлік таңдауда барған сайын прагматикалық тәсілге көшіп, белгілі бір технологияға емес, көлікті қандай мақсатта пайдаланатынына көбірек мән бере бастаған.
«Адамдар көлік таңдауға барған сайын ойланып, прагматикалық тұрғыдан қарайды. Олар өздерінің нақты пайдалану жағдайы мен жеке бюджетіне сүйенеді», – деп қорытындылады Мискарян.
Бір сатып алушы үшін бензинді қозғалтқыш маңызды болса, енді бірі гибридтің үнемділігін жоғары бағалайды. Ал кейбіреулерге электромобиль тиімді әрі ыңғайлы.
Мискарянның пікірінше, көлік таңдаудағы осындай жеке қажеттілікке негізделген тәсіл алдағы уақытта Қазақстанның автонарығын айқындай түседі.
Тағы да оқыңыз: Автосарапшы Қазақстанда ең өтімді жүрілген көліктерді атады.