Бірінші қыркүйектегі кептеліс: Алматы метросында түске дейін 40 мың адам жүрді

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Фото: Shutterstock

Бірінші қыркүйекте Алматыдағы метрода әдеттегіден екі есе адам көп болды. Кей жерде жолаушылар пойызға жету үшін бекеттің кірберісінен бастап кезекке тұрғанын байқауға болады, деп жазады Kursiv.Media

Метродағы кептелістің фото-видеосын оқырмандар әлеуметтік желіге жүктеген. Кейбірі «Жапон метросы болып кетті ғой», «Алматы Мумбайға айналды» дегендей қалжыңдап жатыр.

View on Threads

Алматы метрополитеннің хабарлауынша, жыл сайын оқу жылының басында жолаушылар ағыны осылай күрт көбейіп кетеді. Түске дейін метроны 40 мың жолаушы пайдаланып үлгерген.

«Бұл мектеп оқушылары мен студенттердің жазғы демалыстан оралуына, қала маңындағы аудандардан қалаға тұрғындар мен жолаушылардың қайта келуіне, сондай-ақ қыркүйек айында қаладағы көлік кептелісінің көбеюіне байланысты», – деп хабарлады метро баспасөз қызметі.

Кәсіпорынның мәліметінше, 31 тамызда жолаушылар ағыны бір апта бұрынғы көрсеткіштен шамамен 5,5 мың адамға жоғары болған. Қыркүйек айында жолаушылар санының одан әрі өсуі мүмкін.

Осыған дейін Алматы әкімдігі кептелісті азайту үшін кейбір мекемелерге қашықтан жұмыс істеуге кеңес берген еді.

Сондай-ақ оқыңыз