Бұрынғы мәжіліс депутаты 1 млрд теңгеге Қызылорда облысында күріш өңдеу зауытын салды

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Қызылордада күріш өңдеу зауыты ашылды / Фото: АШМ баспасөз қызметі

Қызылорда облысында «Абзал и К» компаниясы құны 1 миллиард теңге болатын жаңа күріш өңдеу зауытын іске қосты. Жоба аймақтағы өндіріс қуатын 2,5 есе арттыру және өңдеу тиімділігін көтеруге бағытталған, деп хабарлайды Kursiv.Media.

«Абзал и К» компаниясы – бұрынғы мәжіліс депутаты Абзал Ералиевке тиесілі. Ашық дереккөзде кәсіпорынның екі құрылтайшысы бар екені жазылған. Бірі -Ералиев болса, екіншісі – Нұрбол Бітімбаев. Ералиев 2016-2021 жылдары мәжіліс депутаты болған.

Экс-мәжілісменнің ұлы Мағжан Ералиев отандық БАҚ-қа берген сұхбатында, отбасылық бизнесті басқарып отырғанын айтқан.

Зауыт сағатына 12 тонна күріш өңдей алады. Заманауи құрал-жабдықтардың арқасында өндірістік қалдық көлемі 3-4 пайызға дейін азайды. Кәсіпорында барлық технологиялық үдеріс бірыңғай цифрлық жүйе арқылы басқарылып, өнім сапасы онлайн режимде қадағаланады.

Кәсіпорынды электр энергиясымен ішінара қамтамасыз ету үшін компанияның жеке күн электр станциясы пайдаланылады.

Компания күріш өсіруден бастап оны өңдеуге дейінгі толық циклді жүзеге асырады. Оның Сырдария ауданында 3 мың гектар күріш алқабы бар. Зауытта ақталған күріш және өзге де дайын өнім түрлері шығарылады.

Өндірілген өнімнің 50 пайызы ішкі нарықта сатылса, қалған бөлігі ТМД елдері, Моңғолия мен Иракқа экспортталады.

Қызылорда облысы — Қазақстандағы басты күріш өндіруші өңір. Елдегі күріштің 90 пайызы осы облысқа тиесілі. 2026 жылы өңірдегі жалпы егіс көлемі 193,7 мың гектарды құрады, оның 70,1 мың гектарына күріш егілді. Бұл көрсеткіш 2025 жылмен салыстырғанда 10,9 мың гектарға аз.

Бұған дейін қытай инвесторы Абай облысында кірпіш зауытын салатыны белгілі болған.

Сондай-ақ оқыңыз