Галстуктер сөйлейді: Тоқаевтың саяси образы мен түстер құпиясы

Үлкен саясатта әрбір детальдің өз салмағы бар. Әсіресе президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы іс-шаралардағы галстук таңдауына көз жүгіртсек, әр түстің артында үлкен саяси астар мен арнайы белгі жатқанын байқауға болады, деп жазады Kursiv.Media.
Құрылтайдағы реформалар символы
Мәселен, Құрылтайдың алғашқы отырысында президент қанық күлгін түсті галстукпен сөз сөйледі.

Тарихи тұрғыдан күлгін – монархтар мен мемлекет билеушілерінің түсі. Саяси хаттамада бұл түс даналықты, мемлекеттік тұрақтылықты және салмақты шешімдерді білдіреді. Сонымен қатар күлгін – қызыл мен көк түстің араласуынан пайда болатын түс. Қызыл түс – энергия мен өзгерісті білдірсе, көк – сабырлық пен даналықты айшықтайды.
Сондықтан күлгін түс дипломатияда «жаңару мен реформаларға ұмтылыс» мағынасын береді. Құрылтай сияқты жиында бұл түс ескі мен жаңаның үйлесімін, жүйелі реформаларды білдіріп тұрғандай.
Қоңыр галстук пен тұрақтылық
Президент 31 тамыз күні Астанада жаңа қызметтерге тағайындалған Ерлан Қарин, Олжас Бектенов және Аида Балаеваны қабылдап, мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызды тапсырмаларды жүктеді. Сол сәтте президент қоңыр түсті галстук тағып отырды.

Артынша Бішкекке ұшып келген бетте Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен өткен екіжақты кездесуде де дәл осы қоңыр (терракот) галстукпен болды.

Дипломатиялық хаттамада қоңыр әрі жылы реңктер – іскерлік тұрақтылықты, прагматизмді, сабырлық пен өзара сенімділікті білдіреді. Ішкі кадрлық сабақтастықты бекіту кезінде де, Әзербайжан сияқты стратегиялық бауырлас серіктеспен диалогта да бұл түс сенімді әрі орнықты қарым-қатынасты көрсетеді.
Ашық көк галстук
Бішкекте өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында президент ашық көк (көгілдір) галстук тақты.

Бұл – бір жағынан Қазақстанның Мемлекеттік туының түсі, әрі түркі дүниесінің ортақ символы болып саналатын көк аспан реңкі. Көшпенділер өркениетінің басын қосқан халықаралық додада көгілдір галстук таңдау – ұлттық брендті айшықтап қана қоймай, Орталық Азия мен түркі әлеміндегі бейбітшілік, ашықтық пен ынтымақтастық идеясын паш етті.
Алтын галстук: Владимир Путинмен кездесу
Ашылу салтанатынан кейін, Ресей Президенті Владимир Путинмен екіжақты келіссөзде Қасым-Жомарт Тоқаев алтын (ашық сары/сары-алтын) галстукке ауысты.

Саяси протоколда алтын әрі сары-сарғыш реңктер – жаңа мүмкіндіктер, стратегиялық серіктестіктің жоғары мәртебесі, ресурстар мен нәтижелілік метафорасы. Екі ел арасындағы ауқымды сауда-экономикалық және инвестициялық үдерістерді талқылау кезінде сары-алтын түс келіссөздердің конструктивті бағытын айқындап тұр.
Айта кетейік, Тоқаевтың өзі де бұрыннан галстуктерге деген ерекше ықыласын жасырмайды. Бұған дейін берген сұхбаттарында мемлекет басшысы:
«Мен жалпы галстуктерді жақсы көремін. Шие түсті, көк және ашық көк түстерді жиі тағамын. Громыко кезінде қою шие түсті және қою көк галстуктер киетін, ал менде түстер таңдауы одан да көбірек», – деп ағынан жарылған еді.
Сондай-ақ Президент отандық өнімді қолдау мақсатында Алматыда тігілген қазақстандық галстуктерді қуана тағатынын айтқан.