
Алматыдан Мексикаға «Алматы кітап» баспасынан жарық көрген «Шексіз музыка» («Бесконечная музыка») туындысының 60 данасы жіберілді. Димаш Құдайбергеннің өнеріне арналған бұл кітаптар Мехикодағы Қазақстан елшілігінде мексикалық Dears жанкүйерлер қауымдастығының өкілдеріне салтанатты түрде табысталды, деп хабарлайды Kursiv.LifeStyle.
Шараға Қазақстанның Мексикадағы елшісі Алмұрат Тұрғанбеков, дипломатиялық өкілдік қызметкерлері және жергілікті фанаттар қатысты. Елші Димаштың шығармашылығы арқылы Қазақстанға зор қызығушылық танытып жүрген мексикалықтарға шынайы алғысын білдірді.
Латын Америкасындағы концерттер туры
Бұл мәдени бастама әншінің Латын Америкасында өтетін ауқымды гастрольдік сапары қарсаңында ұйымдастырылды. Қараша айында Димаш Құдайберген Мексиканың төрт ірі қаласында концерт береді:
- Мехико
- Мерида
- Монтеррей
- Гвадалахара
Музыкалық кештерге Мексикадан бөлек, Латын Америкасының өзге де мемлекеттерінен мыңдаған жанкүйер жиналады деп күтілуде.
Фотокөрмелер мен елдегі реформалар
Елшілік концерттер өтетін төрт қалада Қазақстанның табиғаты мен мәдениетінен сыр шертетін арнайы фотокөрмелер өткізуді жоспарлап отыр. Бұл бастамаға жергілікті Dears қауымдастығы да белсенді қолдау білдіруде.
Сонымен қатар, кездесу барысында Елші Алмұрат Тұрғанбеков қатысушыларға Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси-әлеуметтік жаңғырулар мен реформалар туралы баяндап берді.
«Мәдени ынтымақтастық екі ел халықтарын жақындастыра түседі. Ал Димаштың әлемдік деңгейдегі танымалдығы – шетелдік аудиторияны Қазақстанның бай мәдениетімен және қазіргі даму бағытымен таныстырудың бірегей мүмкіндігі», — деп атап өтті дипломат.
Оқи отырыңыз: Димаш әлемдік турының екінші кезеңінде жаңа образбен сахнаға шығады