Ормұз бұғазында тағы екі танкер шабуылға ұшырады

Ормұз бұғазында Сауд Арабиясы мен Корея Республикасының компанияларына тиесілі екі супертанкерге шабуыл жасалды, деп хабарлайды Kursiv.media.
Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, Сауд Арабиясы Bahri жүк тасымалдау компаниясына тиесілі, шикі мұнай таситын ең ірі кемелердің бірі Sidr Оманның Хасаб қаласынан солтүстік-шығысында соққыға ұшырады.
Ал Sinokor Group компаниясының Senegal Prosperity танкеріне осы елдің шығысында үш снаряд тиген.
Теңіз тәуекелдерін бағалайтын Marisks компаниясының мәліметінше, қос танкер де Парсы шығанағынан шығып бара жатқан.
Бұғаздағы шабуылдардың қайта басталуы су артериясы арқылы мұнай жеткізуді қалпына келтіру процесіне қауіп төндіріп тұр. Соғыс басталғанға дейін әлемдегі мұнай ағынының шамамен бестен бірі осы бұғаздан өтетін.
Айта кетейік, демалыс күндері АҚШ әскері 30 тамызда Ормұз бұғазындағы Иранға тиесілі Ларак аралында орналасқан екі зымыран ұшыру қондырғысына соққы берген. Иран бұған жауап ретінде Иорданиядағы америкалық нысандарға зымыран бағыттаған.
Бұған дейін, IG сарапшысы Тони Сикамор қақтығыс қайта ушығу кезеңіне өткенін айтқан.