Қарашығанақ кен орны акционерлерінің бірі таза пайдасын бестен бір есе қысқартты

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: kmg.kz, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстандағы ең ірі – «Қарашығанақ» мұнай-газ кен орны акционерінің бірі таза пайдасын бестен бір есе қысқартты. Бұл туралы компанияның қаржы есебіне сүйене отырып Кursiv.Media хабарлайды.

«ЛУКОЙЛ Оверсиз Карачаганак Б.В.» компаниясының былтырғы таза пайдасы 19,5%-ға құлдырап, 150,3 млн АҚШ долларын құрады. Компания таза пайдасы 2024 жылы 186,7 млн долларды құраған.

Қаржы түсімі 537,1 млн доллардан 479,7 млн долларға дейін азайды. Оған ең алдымен шикі мұнай саудасының бәсеңдеуі себеп болды. Мұнай экспортынан түскен кіріс 523,4 млн-нан 467,6 млн долларға дейін кеміп, операциялық пайда 253,1 млн доллар деңгейінде тұрақтанды.

Қаржы ағынының ішкі құрылымына көз жүгіртсек, өнімнің өзіндік құны 182,5 млн долларға жеткен. Шығынның негізі мұнай-газ активтерінің амортизациясы (90,7 млн доллар), еңбекақы қоры (33,3 млн доллар), геологиялық барлау жұмыстары (17,3 млн доллар) және өндірістік жөндеу қызметтеріне (17,2 млн доллар) жұмсалған.

Оған қоса, өнімді халықаралық нарықтарға жеткізу үшін 34,5 млн доллар жұмсалып, мемлекет қазынасына 90,9 млн доллар корпоративтік табыс салығы төленді.

Нидерландыда тіркелген LUKOIL Overseas Karachaganak B.V. компаниясының 100% акционері – LUKOIL International Upstream Holding B.V. Түпкі иесі Ресейдің «ЛУКОЙЛ» компанясы саналатын бұл инвестор «Қарашығанақ» жобасында 13,5% үлеске иелік етеді.

1,36 млрд долларлық жалпы активі бар филиал халықаралық санкциялық қысымдарға қарамастан, АҚШ Қаржы министрлігінің (OFAC) арнайы лицензиясы арқасында өндірісті тоқтатпай, тұрақты жұмыс істеп тұр.

Қарашығанақ – Батыс Қазақстандағы ірі мұна-газ кен орны. Жер қойнауында 1,2 млрд тоннадан астам мұнай мен конденсат, сондай-ақ 1,3 трлн куб метрден астам газ қоры сақталған кен орны еліміздегі ең өнімді әрі күрделі мұнай-газ жобаларының бірі саналады.

Алып жоба халықаралық компаниялардың басын қосқан серіктестік негізінде игеріліп келеді. Мұнда Eni мен Shell компаниялары (әрқайсысы 29,25%-дан) негізгі операторлық тізгінді ұстаса, олардан кейін Chevron (18%), «ЛУКОЙЛ» (13,5%) және отандық «ҚазМұнайГаз» (10%) еншілеріне тиесілі үлестерді бөліседі. Жобаны осы акционерлер құрған Karachaganak Petroleum Operating B.V. (KPO) консорциумы басқарады.

Қарашығанақтан өндірілген мұнай «Каспий Кұбыр Консорциумы» (ККК) және «Атырау – Самара» құбырлары арқылы әлемдік нарыққа жол тартады.

Сондай-ақ оқыңыз