Қазақстан бір айда шетелге 1 млн тоннаға жуық астық экспорттады

Тамыз айында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы желісі бойынша 1 157 мың тонна астық тасымалданған. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 35% жоғары, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Экспортқа 46% өсіммен 895 мың тонна жөнелтілсе, ішкі нарыққа – 262 мың тонна жеткізілген.
Ұнтақ өнімдерін тасымалдау 18% өскен. Негізгі өсімді Орталық Азияның дәстүрлі нарықтары 45% өсіммен берді. Қытайға жөнелтілімдер саны 2 еседен асқан, ал Ауғанстанға 3 есеге өсті.
Ұлттық компания хабарлағандай, биылғы егін жинау әдеттегіден ертерек басталды және жүк ағыны тамызға ауысқан.
Компания науқанға жеткілікті вагон паркімен кіріскен. Қазіргі таңда теміржол желісінде 15,2 мың астық тасымалдаушы мен 17,1 мың жабық вагон үздіксіз қызмет көрсетіп жатыр.
«Жүк жөнелтуші тарап өтінімдерді біркелкі беріп, вагондарды уақтылы босатса, биылғы өнімді қолда бар техникамен толық тасып шығуға мүмкіндік бар. Астық тасымалын үйлестіру мақсатында «ҚТЖ» бөлімшелері, еншілес ұйымдар, вагон операторлары, теңіз порттары, астық одақтары мен экспорттаушылардың қатысуымен арнайы жедел штаб құрылды. Мұндай штабтар аймақтық жүк тасымалдау бөлімшелерінде де жұмыс істеп жатыр», – делінген компания хабарламасында.
Егін жинау науқанының қарқыны қыркүйек-қазан айларында қыза түседі. Осы ретте «ҚТЖ» барлық бағыттар бойынша астық пен ұн өнімдері тиелген жүктерге басымдық беріп, тасымал процесін жіті бақылауда ұстайтынын хабарлады.
Еске салсақ, биыл егін жинау науқаны еліміздің бірқатар өңірінде жоспардан ерте басталды. Алғашқы нәтижелер бойынша дәнді дақылдардың өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда жоғары болып отыр. Қазір шаруалар бидай, арпа және басқа да негізгі дақылдарды жинауға кірісті.