Қазақстан бастамасымен БҰҰ күнтізбесіне жаңа халықаралық күн қосылды

БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен әзірленген қарарды қабылдап, 22 сәуірді Ғаламшарды халықаралық көгалдандыру күні деп жариялады. Бұл туралы Kursiv.Media Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл бастаманы президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында ұсынған. Қарарға әлемнің түрлі өңірлерінен 32 мемлекет тең автор болды.
Халықаралық күннің негізгі мақсаты – көгалдандыру мен табиғи экожүйелерді қалпына келтірудің маңыздылығына қоғамның назарын аудару, сондай-ақ мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарды осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыруға ынталандыру.
Сыртқы істер министрлігі бұл бастама Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау, экожүйелерді қалпына келтіру және экологиялық мәдениетті дамыту бағытындағы халықаралық күш-жігерге қосқан үлесін көрсететінін атап өтті.
Ресми Астана экологиялық жобаларға ерекше назар аударады. Осыған дейін Тоқаев Түркияның бірінші ханымы Эмине Ердоғанның Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында ұсынған «Zero Waste» (Қалдықсыз өмір) жобасына да қолдау білдірген. Оның елдегі «Таза Қазақстан» жобасына үндес екенін де айтқан.