Қазақстан халқының саны 20,6 миллионнан асты

Қазақстан халқының саны 20 604 819 адамға жетті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының мәліметінде көрсетілген, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Жыл басынан бері ел халқы 104 997 адамға немесе 0,51%-ға өскен. Оның ішінде табиғи өсім – 99 419 адам, көші-қон өсімі – 5578 адам.
Халық саны ең көп артқан қалалар
Тұрғындар саны ең көп өскен үш мегаполис:
- Астана – 51 429 адамға (3,14%) артып, 1 690 605 адамға жетті;
- Алматы – 31 690 адамға (1,35%) өсіп, 2 379 793 адамды құрады;
- Шымкент – 19 298 адамға (1,49%) көбейіп, 1 313 348 адамға жетті.
Ал 12 облыста халық саны азайған. Абсолюттік көрсеткіш бойынша ең көп төмендеу Түркістан облысында тіркелді. Өңір халқының саны 4212 адамға кеміген. Одан кейін Жамбыл облысы (3951 адам) және Абай облысы (3817 адам) тұр.
Қала халқы көбейіп келеді
1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан қалаларында 13,2 миллион, ал ауылдық жерлерде 7,4 миллион адам тұрған.
Жыл басынан бері қала тұрғындарының саны 126,6 мың адамға артқан. Ал ауыл халқының саны 21,7 мың адамға азайған.
Айта кетейік, Қазақстан жалпы халық санындағы қарт адамдардың үлесі бойынша әлемде 106-орында тұр. Елдегі 65 жастан асқан тұрғындардың үлесі 8,65%.