Қазақстанда шағын бизнесті субсидиялау шарттары өзгерді

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
«Іскер аймақ» бағдарламасының шарттары жаңартылды
«Іскер аймақ» бағдарламасының шарттары жаңартылды / Фото: shutterstock

Қазақстанда шағын бизнесті қолдауға арналған «Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша субсидиялаудың жаңа ережелері күшіне енді. Бағдарламаны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры жүзеге асырады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Не өзгерді?

Бағдарламаға салалық шектеусіз әлеуметтік кәсіпкерлер қатыса алады. Тіркелген жері мен бизнесті жүргізіп жатқан аймағы ескеріледі. Сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлер үшін субсидия көлемі 50% болса, басқа бизнестер үшін 40% болып бекітілді.

Инвестициялық жоба аясында ғимарат салу, жөндеу, техника, көлік пен құрал-жабдық сатып алу үшін тауарлар тек қазақстандық өндірушілер тізілімінен алынуы тиіс. Қажетті тауар ол тізімде болмаса ғана басқа өндірушілерден алуға рұқсат беріледі.

Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мерзімі 24 айдан 18 айға дейін қысқарды (төтенше жағдайда тағы 6 айға ұзартуға болады). Түскен пайда мен жалақы қоры бойынша талаптар инфляция деңгейіне қарай сәл жұмсартылды. Ал кәсіпкерге байланысты емес объективті қиындықтар туса, жоба нәтижесін көрсетуге қосымша 1 жыл уақыт беріледі.

Банктер мен лизингтік компаниялар арасындағы лимит жойылды. Енді кәсіпкер «Даму» қорының серіктесі саналатын кез келген банкке бара алады. Bank мақұлдаған соң, «Даму» қоры 5 жұмыс күні ішінде шешім шығарып, үшжақты шарт жасалады. Егер қор субсидия беруден бас тартса, бұл шешімге сот арқылы шағымдануға болады.

Бағдарламаның негізгі шарттары

  • Қатысушылар – микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері, ауыл шаруашылығы кооперативтері және әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері;
  • Несие сомасы – 200 млн теңгеге дейін;
  • Мақсаты – инвестицияларға және айналым қаражатын толықтыруға;
  • Номиналды мөлшерлеме – ҚР Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі + 4%;
  • Субсидия мөлшері – номиналды мөлшерлеменің 40%-ы. Бұл ретте кәсіпкер үшін сыйақы мөлшерлемесі кемінде 12,6% болады. Әлеуметтік кәсіпкерлер үшін – 50%;
  • Субсидиялау мерзімі – 3 жылға дейін.

Қалай қатысуға болады?

Бағдарламаға қатысу үшін кәсіпкер «Даму» қорының серіктес екінші деңгейдегі банкі немесе лизингтік компаниясына жүгініп, қаржыландыруға өтінім беруі қажет. Қаржыландыру мақұлданғаннан кейін жоба субсидия беру туралы шешім қабылдау үшін «Даму» қорына қарауға жіберіледі.

Кәсіпкерлер бизнесті қолдау бағдарламалары бойынша кеңес алу үшін жоба іске асырылатын өңірдегі «Даму» қорының филиалына жүгіне алады. Қосымша ақпаратты Қордың ресми сайтынан алуға болады. Сондай-ақ 1408 бірыңғай байланыс орталығының нөмірі арқылы кеңес алуға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ оқыңыз