Қостанайда еліміздегі ең үлкен жабық аквапарк ашылды

Қостанайда аумағы 9 мың шаршы метрден асатын Қазақстандағы ең ірі жабық аквапарк есігін айқара ашты, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Облыс әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, нысанның су айдыны 1 мың шаршы метрден асып, бір мезгілде 500 адамды қабылдауға шақталған. Кешенде 5 бассейн (соның ішінде толқынды бассейн), 7 су сырғанағы, балалар аймағы, джакузи және фуд-корт қарастырылған.
Кешеннің ашылу салтанатында облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірде соңғы үш жылда 30-дан астам спорт нысаны іске қосылғанын атап өтті.
«Басты мақсатымыз – жастардың Қостанайда қалып, еңбек етуіне, отбасын құрып, болашағын осы өңірмен байланыстыруына қолайлы жағдай жасау», – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, шаһарда Үстел теннисі орталығы, көпфункционалды стадион, Спорт сарайы, фитнес-орталықтар және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенінің құрылысы жоспарланған. Бұдан бөлек, қалада экопарктер салу және жаңа сауда-өркениетті инфрақұрылымдарды дамыту жұмыстары жалғасуда.