Қызылорда облысында полицейді ұрып өлтірген ер адамға іздеу жарияланды

31 тамызда Арал қаласында 38 жастағы учаскелік полиция инспекторының денесі табылды.
Kriminal Kazakhstan ақпаратына қарағанда, жанжал кезінде ер адам учаскелік инспекторды ұрып-соққан. Алған жарақаттарының салдарынан полицей көз жұмған. Бұл кезде полиция қызметкері еңбек демалысында болған.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, марқұм мен күдікті бір-бірін бұрыннан таныған. Бұған дейін учаскелік инспектор ер адамды отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтары үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оған қатысты қорғау нұсқамалары да шығарылған.
Күдікті – Арал қаласының 39 жастағы тұрғыны. Оның жеке басы анықталды. Қазір ер адам іздеуде жүр. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Айта кететін жайт, наурыз айының басында Шымкентте полицейді ұрған жасөспірім сотталған болатын.