Қызылордада 138 млрд теңгелік күміс өндіретін комбинаттың құрылысы басталды

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Қызылордада жаңа құрылыс басталды
Қызылордада жаңа құрылыс басталды / фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Жаңақорған ауданы Шалқия кентінде қытайлық «Liaoning Hongda Group» компаниясы «Бурабай-Жалғызағаш» тау-кен байыту комбинатының құрылысын бастады. Комбинатының құрылысына 138 млрд теңге бөлінбек.

Комбинат құрылысының басталуы – Сыр өңірі үшін тарихи оқиға. Бұл – облыстың индустриялық дамуына жаңа серпін, экономиканы әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мол мүмкіндік беретін ірі инвестициялық жоба.

Тау-кен байыту комбинатының құрылысына 138 млрд теңге қарастырылған. Жоба толық іске қосылғанда жылына 210 мың тонна қорғасын-мырыш шикізатын және 20 тонна күміс өндіру жоспарлануда.

Ең бастысы, 550-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Тау-кен байыту комбинатын алдағы екі жыл ішінде салып, 2028 жылы толық аяқтау жоспарланған.

Қазіргі уақытта кен орнының минералдық-шикізат базасын кеңейту мақсатында бұрғылау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ өндірістік жолдар салу да қолға алынып, құрылыс алаңдары анықталды.

Бұдан бөлек, электр желілеріне қосылуға жоба-сметалық құжаттама әзірленді. Қазіргі уақытта нысанды электр қуатымен қамтамасыз ету және электр желілеріне қосу межеленген.

Айта кетейік, кейінгі жылдары Жаңақорған ауданында үш жылда 6,7 млрд теңгеден астам қаржыға 9 инвестициялық жоба іске қосылды.

Биыл 3 жоба көзделсе, оның екеуі ел игілігіне айналды. Алдағы үш жылда облыстың өнеркәсіп саласында 1,9 триллион теңгеге 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.

Бұған дейін Қызылорда облысында құны 1 миллиард теңге болатын жаңа күріш өңдеу зауыты іске қосылды.

Сондай-ақ оқыңыз