Тамызда әлем бойынша ең қатты қымбаттаған тауар белгілі болды

Тамыз айында әлем бойынша ең қатты қымбаттаған тауар түрі какао болды. Бір айдың ішінде оның бағасы 28%-дан астам қымбаттады, деп хабарлайды kursiv.media «РИА Новости» агенттігіне сілтеме жасап.
Какао тамыз айының рекордын орнатты
Жаздың соңғы айында какао бағасы 28,22%-ға өсті. Бұл әлемдік ірі тауар биржаларының мәліметтері негізінде талдау жасалған өнімдер арасындағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр.
Өзге де ауыл шаруашылығы тауарларының бағасы айтарлықтай өсті. Тамызда қант 19,87%-ға, ал бидай 17,11%-ға қымбаттады.
Дегенмен тамақ өнімдерінің бәрі бірдей қымбаттаған жоқ. Апельсин шырынының бағасы 6,42%-ға, кофе 3,97%-ға, ал шай 3,94%-ға арзандады.
Күміс бағасы 16%-ға жуық өсті
Өнеркәсіптік шикізат пен металдар арасында ең жоғары өсімді битум көрсетті. Қытай биржасында оның құны бір айда 21,25%-ға артқан.
Күміс бағасы да едәуір өсіп, 15,96%-ды құрады.
Сонымен бірге осы санатта тамызда ең қатты арзандаған тауар да тіркелді. Кобальт гидроксидінің құны бірден 16,75%-ға төмендеді.
Осылайша, зерттелген әлемдік тауарлар арасындағы ең қатты қымбаттаған және ең арзандаған өнімдердің айырмашылығы 44 пайыздық тармақтан асып түсті.
Газ пен метанол күрт қымбаттады
Отын және энергетика нарығында да елеулі өзгерістер болды.
Ең жоғары өсімді Қытай нарығындағы метанол көрсетті. Тамыз айында оның бағасы 21,36%-ға артты.
Еуропадағы газ бағасы да осыған ұқсас динамика көрсетіп, бір айда 21,12%-ға қымбаттады. АҚШ көмірі 19,21%-ға өсті.
Сонымен бірге энергетикалық шикізаттың кейбір түрлері арзандады. Бұл топта ең қатты арзандағаны Urals маркалы мұнай болды — бір ай ішінде оның құны 8,67%-ға төмендеді.
Нәтижесінде 28,22% өсім көрсеткен какао ауыл шаруашылығы тауарларын, металдар мен энергетикалық ресурстарды артқа тастап, тамыз айында бағасы ең көп өскен өнім атанды.
Сонымен қатар, Қазақстанда да шоколадтың бағасы күрт қымбаттады. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өнімнің бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30,3%-ға қымбаттаған.