Тоқаев пен Путин Бішкекте оңаша кездесу өткізді

Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШҰҰ) мерейтойлық саммиті аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің жеке кездесуі өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында екі ел басшылары Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, тату көршілік және одақтастық рухында дамып келе жатқан сан қырлы ынтымақтастықтың жоғары қарқынына ерекше назар аударды.
Өзара қолдау және реформалар
Владимир Путин Тоқаевты Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтады. Ресей Президентінің айтуынша, дауыс беру нәтижесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді одан әрі дамытуға, ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, экономиканы ілгерілетуге және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық бағдарының кеңінен қолдау тапқанын растайды.
Өз кезегінде Қазақстан Президенті құттықтауы үшін ризашылығын білдіріп, елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалар мен ұлттық даму үдерістеріне тоқталды.
«Қазақстанды жаңғырту үдерісі ұлттық мүддемізге сай жалғаса береді. Аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуге мүлдем болмайды. Біз мұны жақсы түсінеміз. Ең алдымен, халқымыздың келешегін ойлауымыз қажет. Екіжақты ынтымақтастыққа келер болсақ, Сіздің мамыр айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапарыңыз табысты өтті. Әрі сипаты жағынан тарихи сапар болды деп санаймын. Қазір Үкімет қол қойылған барлық келісімді іске асыруға кірісті. Өзіңіз атап өткендей, сауда-саттық тез дамып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда өсім байқалады. Ресей біздің басты инвестициялық және сауда серіктесіміз болып қала береді деп ойлаймын. Бұл үдерісті барынша қолдаймын», деді президент.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы тауар айналымының оң динамикасын ерекше атап өтті. Қазіргі таңда екі елдің үкіметтері мамыр айында Астанада қол қойылған уағдаластықтар мен келісімдерді толық іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
Еске сала кетейік, кеше Бішкекте Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылуы өтіп, әлем президенттері жиналған еді.