
Тамыз айында теңге бағамы 2,6%-ға нығайып, бір АҚШ доллары 461,57 теңгеге дейін арзандады. Бұл ретте Ұлттық банк валюта нарығына интервенция жасаған жоқ.
Қазақстан қор биржасындағы валюта саудасының белсенділігі артты. Орташа күндік сауда көлемі шілдедегі 389 млн доллардан тамызда 415 млн долларға дейін өсті. Бір айдағы жалпы айналым 8,7 млрд долларды құрады.
Ұлттық қордан тамызда 200 млн доллар сатылды. Бұл биржадағы жалпы сауда көлемінің 2,3%-ына тең. Нарыққа күніне орта есеппен 9,5 млн доллар ұсынылған.
Қыркүйекте валюта сатылымы көбейеді
Қыркүйектен бастап Ұлттық банк Ұлттық қормен жүргізілетін операцияларды ішкі валюта нарығында теңестірудің жаңа тетігін іске қосады. Оның аясында бұған дейін сатып алынған валютаның 200–300 млн доллары қайта сатылмақ.
Сонымен қатар алтын сатып алу операцияларын теңестіру мақсатында нарыққа 374 млрд теңгеге балама шетел валютасын шығару жоспарланып отыр. Тамызда осы тетік арқылы айналымнан шамамен 374 млрд теңге алынған.
Ұлттық банк бұл операциялардың теңге бағамына қосымша ықпал етпеуі үшін нарықтық бейтараптық қағидатын сақтайтынын мәлімдеді.
БЖЗҚ үшін 721 млн доллар сатып алынды
Тамызда Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтеріндегі валюталық үлесті сақтау үшін биржадан 721 млн доллар сатып алды. Бұл айдағы валюта саудасының шамамен 8,3%-ына тең.
Алдағы уақытта БЖЗҚ үшін валюта сатып алу көлемі нарықтағы жағдай мен зейнетақы активтерін басқару міндеттеріне қарай белгіленеді.
Қысқамерзімді кезеңде теңге бағамына нарық қатысушыларының күтулері, тоқсандық салық төлемдері, әлемдік нарықтардағы өзгерістер және геосаяси ахуал әсер етеді. Ұлттық банк икемді айырбас бағамы режимін сақтайтынын хабарлады.