Жамбыл облысында ішіп алып, жас баланы қорлаған азамат 10 тәулікке қамалды

Жамбыл облысында ішіп алып, кафеде жас баланы қорлаған азамат сот шешімімен 10 тәулікке қамалды.
Сарысу аудандық соты ұсақ бұзақылық жасау фактісі бойынша азамат Б.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады.
Тамыз айында Жаңатас қаласында азамат Б. қоршаудан өтіп, кафе аумағына кірген. Содан кейін кәмелетке толмаған баланы көріп, оны қорлап, қасында жатқан заттарды лақтыра бастады. Баланың анасы полицияға қоңырау шалған. Полиция қызметкерлері хаттама толтырған.
Кінә тараптардың айғақтарымен, хаттамамен және істің басқа материалдарымен расталды. Сотта Б. масаң күйде болғанын және не болғаны есінде жоқ екенін түсіндірді. Жәбірленушінің анасы мұндай жағдай бұрын болғанын айтып, қатаң жаза тағайындауды сұрады.
Әкімшілік жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды сот анықтамады. Сот қаулысымен ер азамат кінәлі деп танылып, оған 10 тәулік әкімшілік қамауға алу түрінде жаза тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Ал Алматыда тұрғын үй кешендерінің бірінің аумағында балаға күш қолданған ер адам ұсталып, қамауға алынған еді.