Капитал нарығын дамыту үшін: IPO-ға шыққан компанияның төлейтін салығы азаюы мүмкін

Отандық нарықта IPO өткізетін қазақстандық компанияларға салық жеңілдігі берілуі мүмкін. Жеңілдік мөлшері еркін айналымдағы (free float) акциялар үлесіне және акционерлер санына байланысты болады. Айналымдағы акция неғұрлым көп болса, Корпоративтік табыс салығының (КТС) мөлшерлемесі соғұрлым төмендеуі ықтимал.
Сонымен қатар, IPO дайындығына кеткен аудиторлық, заңгерлік және инвестициялық банктердің шығындарын салықтық шегерімге жатқызу ұсынылады. Азаматтар мен компанияларға жеңіл болу үшін құжаттарды дайындау мен тапсырудың «бір терезе» жүйесі құрылады. Бұл туралы «Капитал нарығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы» жобасында жазылған.
Арнайы оператор әр компанияның дайындығын бағалап, жеке жол картасын түзеді. Шағын және орта бизнес үшін нарыққа листинг демеушілері институты енгізіледі. Демеуші компания бизнесті биржаға шығуға дайындайды, консультанттардың жұмысын үйлестіреді және листингтен кейін де сүйемелдейді. Ол дайындық сапасы үшін биржа мен реттеуші алдында жауап береді.
ЖШС мен АҚ арасындағы аралық форма ретінде «жария емес акционерлік қоғам» енгізілуі мүмкін. Бұл компанияларға толыққанды АҚ талаптарын бірден орындамай-ақ, акциялар шығаруға, опциондар мен айырбасталатын құралдарды қолдануға мүмкіндік береді. Мұнда Директорлар кеңесін құру міндетті болмайды.
Шетелдік нарыққа қалай шығады
Отандық компаниялар акцияларын шетелде орналастырған кезде, олар KASE немесе AIX арқылы жергілікті инвесторларға да сондай шарттарда қатысу мүмкіндігін беруі тиіс. Жергілікті сату көлемі сұранысқа қарай айқындалады.
Квазимемлекеттік компаниялар үшін жеке тәсіл сақталады. IPO немесе SPO кезінде жеке инвесторлар үшін міндетті түрде жеке транш (квота) қалыптасады. Сұраныс жоғары болса, бұл транш көлемі ұлғаяды.
Ұжымдық және исламдық қаржыландыру
Инвестициялық қорлар туралы жаңа заң қабылданады. Ол ақша нарығы, облигация, индекстік, салалық және жылжымайтын мүлік қорларын дамытуға жол ашады. Инвесторларды қорғау үшін инвестициялық өнім туралы бірыңғай ақпараттық стандарт енгізіледі. Азаматтар өнімді сатып алмас бұрын тәуекелі, комиссиясы және тарихи табыстылығы жазылған қысқаша құжатпен таныса алады.
Исламдық қаржыны дамыту үшін Бюджет кодексіне мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару тәртібі енгізіледі. Бұл корпоративтік ислам облигацияларына бағдар болады. Сонымен бірге шариғаттық сараптамаға бірыңғай талаптар қойылады.
Шетелдік инвесторларға жағдай жасалады
Халықаралық инвесторлар өздеріне таныс инфрақұрылым арқылы дивиденд алып, дауыс бере алады. Шетелде тексеруден өткен инвесторлар Қазақстанда қайтадан сәйкестендіруден өтпейді, бұл үшін электрондық апостиль қолданылады.
Қайталама нарықты жандандыру үшін орталық бағалы қағаздарды қарызға алу тетігі құрылады. БЖЗҚ, сақтандыру компаниялары мен инвестициялық қорлар өздеріндегі бағалы қағаздарды уақытша қарызға беріп, қосымша кіріс таба алады. Бұл мәмілелерге де тиімді салық режимі қолданылады.