Көксу қант зауытының қуаты тәулігіне 3 мың тоннаға дейін артады

Жарияланды
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Көксу қант зауыты қант қызылшасын өңдеу қуатын арттыруға дайындалып жатыр. Қазіргі таңда кәсіпорын тәулігіне 2 мың тоннаға дейін өнім өңдей алады. Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін қазан айында бұл көрсеткішті 3 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Кursiv.Media

Қыркүйек айының соңына дейін зауытта жаңа диффузиялық жабдықты орнату жұмыстары аяқталмақ. Сонымен қатар өндірістік зертхана жаңа құрал-жабдықтармен толықтырылып жатыр.

Қызылшаның қоспалығы мен қанттылығын анықтайтын жаңа құрылғы орнатылды. Шикізатты қабылдауға арналған бес БУМ машинасы да дайын тұр. Кәсіпорынның мәліметінше, дайындық жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі қант зауыттарының жаңа маусымға дайындығын үйлестіріп жатыр. Қазан айында Тараз қант зауытында да тәулігіне 3 мың тонна өнім өңдейтін жаңа желіні іске қосу жоспарланған.

Биыл Қазақстанда қант қызылшасы 23,8 мың гектарға егілді. Егіс алқаптарының негізгі бөлігі Жамбыл және Жетісу облыстарында орналасқан. Жаңғырту жұмыстары қант өндірісін ұлғайтып, отандық зауыттардың өндірістік қуатын тиімді пайдалануға бағытталған.

Еске салсақ, Түркияның Safi Holding компаниясы Қазақстанда қант зауытын салады. Қазақстандағы қант зауытының құрылысына түрік компаниясы 150–200 млн АҚШ доллар инвестиция салмақ.

Сондай-ақ оқыңыз