Күзде 23 мың жігіт әскерге шақырылады

Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Президент Жарлығына сәйкес, қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жұмысқа кірісті, деп хабарлайды Kursiv.Media.
2026 жылдың соңына дейін 18-27 жас аралығындағы 23 мыңға жуық ер азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады. Олардың ішінде:
- 12 мыңнан астамы – Қарулы күштерге;
- 7 мыңы – Ұлттық ұланға;
- 3 мыңы – ҰҚК Шекара қызметіне;
- 400-ден астамы – Төтенше жағдайлар министрлігіне;
- 300-ге жуығы – Мемлекеттік күзет қызметіне жіберіледі.
Әскерге шақыру және әскери есепке алу қызметтерінің басым бөлігі қазір цифрландырылған. «Цифрлық шақыру» жүйесі мен «Smart военкомат» жобасы арқылы азаматтарды әскери есепке қою, 17 жастағы бозбалаларды тіркеу, сондай-ақ әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату қызметтері автоматтандырылған. Әскери есепке қатысты ақпаратты азаматтар eGov порталындағы жеке кабинетінен көре алады.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, сарбаздар әскери мамандықпен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие 20-ға жуық жұмысшы кәсібін тегін меңгере алады. Олардың қатарында жүргізуші, байланыс маманы, парамедик, экскаваторшы сияқты мамандықтар бар.
Бұдан бөлек, әскери қызмет кезінде сарбаздардың несие төлемдерін кейінге қалдыруға және ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік грантпен жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, көктемде 21 мың азамат әскерге кеткен еді.