Өзбекстандағы мектепке қазақ жазушысы Рахметолла Райымқұловтың есімі берілді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
фото: ЖИ

Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен әрі Ташкент облысы әкімінің шешімімен Ташкент облысы, Бостанлық ауданына қарасты Қараманас ауылындағы №34 мектепке қазақ жазушысы, драматург, аудармашы және қоғам қайраткері Рахметолла Райымқұловтың есімі берілді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Бүгін, 2 қыркүйекте аталған білім ордасында жаңа оқу жылының басталуына және қаламгердің туған жерінде оның есімін ұлықтауға арналған салтанатты іс-шара өтеді.

Мерекелік жиынға екі елдің мемлекет және қоғам қайраткерлері, Өзбекстанның Мектепке дейінгі және мектеп білімі министрлігі мен Мәдениет министрлігінің өкілдері, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ералы Тоғжанов қатысады. Сонымен бірге Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор, жазушының қызы Ақтоты Райымқұлова, белгілі қаламгерлер мен әдебиеттанушылар Құлбек Ергөбек пен Нұрғали Ораз, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, жазушының ұрпақтары, ұстаздар мен оқушылар қатысады.

Іс-шара аясында жаңартылған мектеп кітапханасы мен Рахметолла Райымқұловқа арналған мемориалдық бұрыш салтанатты түрде ашылады. Кітапхана қорын байыту мақсатында жаңа кітаптар табыс етіледі. Оқушылардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және жазушының әдеби мұрасын насихаттауға арналған рухани-ағартушылық кеш ұйымдастырылады.

Рахметолла Райымқұлов 1913 жылы Ташкент облысы Бостанлық ауданының Қараманас ауылында дүниеге келген. Ол қазақ және өзбек әдебиеті мен мәдениетінің дамуына, екі бауырлас халық арасындағы рухани байланыстың нығаюына зор үлес қосты. Оның қаламынан шыққан «Жасыл белес», «Түйелі адам», «Балдақты адам», «Қара жорға» романдары мен өзге де туындылары оқырман жоғары бағалаған әдеби қазынаға айналды.

Сондай-ақ оқыңыз